21 Шілде 2026, 08:31 Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

Көлеңкелі экономикамен күрес: Үкімет 53 іс-шараны қамтитын жоспарды бекітті

Жоспардың басты мақсаты – көлеңкелі экономиканың үлесін қысқарту, адал бәсекелестікті дамыту, бизнестің ашықтығын арттыру және кәсіпкерлерге қосымша әкімшілік жүктеме жүктемей-ақ бюджет кірістерін көбейту.

Қазақстан Үкіметі 2026–2028 жылдарға арналған көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың кешенді жоспарын бекітті. Тиісті қаулыға Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойды.

Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп әзірлеген құжат Мемлекет басшысының экономикалық үдерістердің ашықтығын қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын іске асыруға бағытталған.

Жоспардың басты мақсаты – көлеңкелі экономиканың үлесін қысқарту, адал бәсекелестікті дамыту, бизнестің ашықтығын арттыру және кәсіпкерлерге қосымша әкімшілік жүктеме жүктемей-ақ бюджет кірістерін көбейту.

Үкіметтің мәліметінше, соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізілген. Елде 20 ақпараттық жүйе енгізіліп, жаңғыртылды. Айналымы 2 трлн теңгені құраған интернет-казиноның қаржылық инфрақұрылымы тоқтатылып, 360 млрд теңге көлеміндегі негізсіз бюджеттік шығындардың алдын алу мүмкін болды.

Соның нәтижесінде көлеңкелі экономиканың үлесі 2019 жылғы ЖІӨ-нің 24 пайызынан 2025 жылдың қорытындысында 16,7 пайызға дейін төмендеген. Енді Үкімет бұл көрсеткішті 2028 жылға қарай 13,8 пайызға дейін азайтуды жоспарлап отыр.

Жоспарды іске асырудағы негізгі құралдардың бірі – жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін бірыңғай цифрлық мониторинг платформасы. Ол мемлекеттік органдардың деректерін біріктіріп, тәуекелдерді ерте анықтауға және заң бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.

Кешенді жоспар аясында 53 іс-шара жүзеге асырылады. Олар сауда, құрылыс, көлік, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және білім беру сияқты көлеңкелі экономика тәуекелі жоғары салаларды цифрландыруды қамтиды.

Сауда саласында Digital Bazaar электрондық платформасын дамыту, міндетті цифрлық таңбалауға жататын тауарлар тізімін кеңейту және Ұлттық тауарлар каталогын жетілдіру көзделген. Сонымен қатар акцизделетін және әлеуметтік маңызы бар өнімдердің айналымын автоматтандыру, электрондық коммерция мен маркетплейстерді реттеуді дамыту және мемлекеттік ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру жоспарланған.

Әлеуметтік салада қызмет сапасын бақылауға, баға мониторингіне және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуына арналған цифрлық құралдар енгізіледі. Сондай-ақ мемлекеттік қаржының ашықтығын арттыру үшін «Цифрлық теңге» жобасын қолдану аясы кеңейтіледі.

Үкімет жоспар бизнеске қосымша әкімшілік талаптар енгізуді көздемейтінін атап өтті. Негізгі басымдық цифрландыруға, процестерді автоматтандыруға, жасанды интеллект пен заманауи аналитикалық шешімдерді пайдалануға беріледі.