Үкімет 2026 жылғы экономикалық өсімнің басым бағыттарын айқындады
Үкіметте вице-премьер – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен экономикалық өсуді қамтамасыз ету жөніндегі штабтың 2026 жылғы алғашқы отырысы өтті. Жиында алдағы жылы экономиканың жоғары өсу қарқынын қолдау тетіктері талқыланды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
2026 жылғы негізгі басымдық – өңдеу өнеркәсібін жалпы ішкі өнімнің өсімін қамтамасыз ететін басты салалардың бірі ретінде дамыту. Вице-премьердің тапсырмасына сәйкес Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі әр сектор бойынша нақты шараларды қамтитын өңдеу өнеркәсібін дамытудың жол картасын әзірледі.
Экономикалық штаб отырыстарында саланың экономикадағы жүйелік рөлі ескеріле отырып, әр бағыт жеке қаралып, әлсіз тұстар мен өсімге кедергі келтіретін факторлар жан-жақты талданатын болады. Бұл жұмысқа салалық қауымдастықтар мен нарықтағы ірі ойыншылар тартылмақ.
Өңдеу өнеркәсібінің шамамен 40%-ын құрайтын металлургия саласына ерекше көңіл бөлінуде. 2026 жылы бұл саладағы нақты көлем индексі түсті және қара металлургияның дамуы есебінен 103% деңгейінде болжанып отыр. Сонымен қатар металлургия сауда саласында да шамамен 5% үлеске ие.
Машина жасау саласында 2026 жылы 13,4% өсім күтіледі. Бұл жеңіл және жүк автомобильдерін, арнайы және ауыл шаруашылығы техникасын, теміржол вагондары мен тұрмыстық техниканы өндіруді ұлғайту арқылы қамтамасыз етіледі.
Химия өнеркәсібінде қолданыстағы және жаңа инвестициялық жобалар есебінен 7% өсім, ал құрылыс материалдары өндірісінде портландцемент, керамикалық плиталар, темірбетон бұйымдары мен тауарлық бетон өндірісін арттыру арқылы 6% өсім жоспарланған.
Құрылыс саласы 2025 жылдың қорытындысы бойынша рекордтық нәтижеге жетіп, 20,1 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Үкімет 2026 жылы да осы қарқынды сақтауды көздеп отыр.
Сауда саласында нақты көлем индексін кемінде 6,5%-ға арттыру міндеті қойылды. Бұл үшін айналым мен экспортты кеңейтуге, әсіресе агроөнеркәсіп өнімдерін сыртқы нарыққа шығаруға және ішкі өндірісті ұлғайтуға басымдық беріледі. Ұйымдасқан көтерме сауданы дамыту, B2B электрондық сауда алаңдарын іске қосу және көтерме сатып алу стандартын енгізу негізгі тетіктердің бірі болмақ.
Көлік және қоймалау саласында да жоғары өсім сақталады. Бірінші тоқсанда 6,1%, жыл қорытындысы бойынша 9,6% өсім күтілуде. Бұл автожолдарды жөндеу, жаңа теміржол желілерін іске қосу, әуежайлар мен вокзалдарды жаңғырту және көлік паркін жаңарту есебінен қамтамасыз етіледі.
Отырыс қорытындысында вице-премьер өңірлерге бюджетті қатаң шоғырландыру жағдайында экономиканың негізгі салаларындағы өсім қарқынын сақтауды тапсырды. Сондай-ақ Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында экономиканың технологиялық дамуына ерекше назар аударылатыны атап өтілді.