Уиткофф пен Кушнер Майамиде Украина делегациясымен кездеседі
Кездесуде Украинадағы қақтығысты реттеуге қатысты жаңа идеялар мен ұсыныстар талқыланады.
АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер жұма күні Майамиде Украина өкілдерімен кездеседі. Бұл туралы Reuters жоспармен таныс америкалық дереккөзге сілтеме жасап хабарлады.
Кездесуде Украинадағы қақтығысты реттеуге қатысты жаңа идеялар мен ұсыныстар талқыланады. Дереккөздің айтуынша, оған Ақ үйдің Ұлттық қауіпсіздік кеңесі мен АҚШ Қаржы министрлігінің өкілдері де қатысады.
Сондай-ақ кездесуге Ұлыбритания, Франция және Германияның ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшілері, НАТО мен Еуропалық одақ өкілдері шақырылған.
Тараптар Украинаға берілетін қауіпсіздік кепілдіктері, соғыстан кейінгі экономикалық даму жоспары және қақтығысты реттеудің басқа да мәселелерін талқылауды жоспарлап отыр.
АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио бұған дейін қақтығыстың «қауіпті тығырыққа» тірелгенін айтқан. Ал Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен жақын арада телефон арқылы сөйлесуді жоспарлап отырғанын мәлімдеді.