7 Қыркүйек 2026, 00:27 Фото: REUTERS/Valentyn Ogirenko

Уиткофф пен Кушнер Киевте Зеленскиймен келіссөз өткізді

Зеленский Украина келіссөздерге дайын екенін мәлімдеді.

АҚШ президенті Дональд Трамптың өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнер Мәскеудегі келіссөздерден кейін Киевке барып, Украина президенті Владимир Зеленскиймен кездесті.

ВВС-дің хабарлауынша, Киевтегі келіссөздердің алғашқы кезеңінен кейін Уиткофф америкалық делегация өткен талқылауларды «мағыналы» деп бағалап, оның нәтижелері жігерлендіргенін айтты.

Кушнердің сөзінше, Дональд Трамп оларға соғысты тоқтатудың және «ұзақ мерзімді әрі тұрақты бейбітшілік үшін қажетті жағдай жасаудың» жолын табуды тапсырған.

Зеленский Украина келіссөздерге дайын екенін мәлімдеді.

«Біз соғыстың аяқталуын жақындатуға мүдделіміз. Бейбітшілік қажет. Қауіпсіздік кепілдіктері қажет. Соғыстан кейінгі әлемнің лайықты сипаты қажет. Біздің ұсыныстарымыз дайын», – деді Украина президенті.

Бұған дейін Уиткофф пен Кушнер Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездескен. Ресей тарапы үш сағатқа созылған келіссөздерді «сындарлы және өте ашық» деп бағалады. Путиннің кеңесшісі Юрий Ушаковтың айтуынша, тараптар Украинадағы қақтығысты реттеумен қатар экономикалық мәселелер мен ықтимал Ресей–АҚШ жобаларын да талқылаған.

Мәскеудегі кездесуден кейін АҚШ өкілдері Польша арқылы Киевке пойызбен жетті.

Уиткофф Вашингтонның келіссөздерді қажет болғанша жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді. АҚШ тарапының негізгі мақсаты – Ресей мен Украина арасындағы соғысты тоқтатуға және ұзақ мерзімді бейбітшілікке қол жеткізуге жағдай жасау.