Уимблдон теннисшілердің талабынан кейін жүлде қорын ұлғайтты
Теннисшілер өкілдері Уимблдонның жүлде қорын шамамен 70 миллион фунт стерлингке дейін арттыруды ұсынған.
Уимблдон турнирі теннисшілердің талаптарынан кейін жүлде қорын рекордтық деңгейде ұлғайтты. 2026 жылы жарысқа қатысушылар арасында жалпы 64,2 миллион фунт стерлинг (85,7 миллион доллар) бөлінеді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 пайызға көп және турнир тарихындағы ең ірі өсім саналады.
Reuters-тің хабарлауынша, ерлер мен әйелдер арасындағы жекелей сында чемпион атанған теннисшілердің әрқайсысы 3,6 миллион фунт стерлингтен алады. Өткен жылы бұл көрсеткіш 3 миллион фунт болған.
Соған қарамастан, бірқатар ойыншылар Үлкен дулыға турнирлерінің қаржылық моделін қайта қарауды талап етуді жалғастырып отыр. Олардың пікірінше, турнир ұйымдастырушылары ATP және WTA жарыстарымен салыстырғанда табыстың аз бөлігін ғана спортшыларға бөледі.
Теннисшілер өкілдері Уимблдонның жүлде қорын шамамен 70 миллион фунт стерлингке дейін арттыруды ұсынған. Бұл ойыншыларға бөлінетін үлесті жетекші ATP және WTA турнирлеріндегі деңгейге жақындатуға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда мұндай турнирлерде спортшылар кірістің шамамен 22 пайызын алса, Үлкен дулыға жарыстарында бұл көрсеткіш 15 пайыз шамасында.
Уимблдонды ұйымдастыратын Бүкіл ағылшын лаун-теннис және крокет клубының төрағасы Дебби Джеванс турнирдің коммерциялық емес ұйым екенін атап өтті. Оның айтуынша, алынған табыстың шамамен 90 пайызы Ұлыбританиядағы теннисті дамытуға қайта инвестицияланады.
Сондай-ақ теннисшілер зейнетақы жүйесін жетілдіру, турнирлік кестені кеңейту, жарыс күнтізбесінің тығыздығы, матчтардың тым кеш аяқталуы және ұйымдастырушылармен өзара байланысты жақсарту мәселелерін көтеріп келеді.