Уимблдон қарсаңында Елена Рыбакина турнирден бас тартты
Қазақстанның бірінші ракеткасы оң жақ жамбасындағы жайсыздыққа байланысты қосымша тексеруден өтеді.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина Уимблдон басталардан бірнеше күн бұрын Германияның Бад-Хомбург қаласында өтетін WTA 500 санатындағы турнирге қатысудан бас тартты.
Теннисшінің айтуынша, мұндай шешім қабылдауға оң жақ жамбасындағы жайсыздық себеп болған. Қазір ол қосымша медициналық тексеруден өтіп, дәрігерлермен кеңесуді жоспарлап отыр.
«Өкінішке қарай, оң жақ жамбасымдағы жайсыздыққа байланысты Бад-Хомбургтегі турнирден бас тартуға мәжбүрмін», – деді Рыбакина.
Бұған дейін қазақстандық теннисші Берлинде өткен WTA 500 турнирінде сәтсіз өнер көрсетіп, жарысты екінші айналымда аяқтаған болатын.
Биылғы шөп төсенішіндегі маусымда Елена Рыбакина бір жеңіске жетіп, екі кездесуде жеңіліс тапты.
Бад-Хомбург турнирі 20–27 маусым аралығында өтеді. Ал 29 маусымда әлемдегі ең беделді теннис жарыстарының бірі саналатын Уимблдонның негізгі кезеңі басталады.