Уильям Лакоби: Технология мен тұрақтылық – Қазақстанның энергетикалық болашағының негізі
2025 жылғы 2–3 қазан күндері Астанада өткен Kazakhstan Energy Week – 2025 апталығы аясындағы XVI Еуразиялық KAZENERGY форумы энергетика саласындағы ең беделді халықаралық алаңдардың біріне айналды. 50 елден келген 300-ден астам сарапшы мен саясаткер жаһандық энергетикалық күн тәртібіндегі маңызды мәселелерді талқылады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Форум барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қатысушыларға арнаған үндеуінде елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, халықаралық әріптестікті нығайту және төмен көміртекті экономикаға көшу бағытындағы стратегиялық мақсаттарды атап өтті. Мемлекет басшысы Қазақстанның жаһандық энергетикалық қауымдастықтағы жауапкершілігі жоғары орта держава ретіндегі рөлін айқындап берді.
Форумның басты мақсаты – жаңа энергетикалық тәртіп жағдайында орта державалардың маңызын көрсету болды. Географиялық орналасуы мен бай табиғи ресурстарының арқасында Қазақстан бұл санаттағы жетекші елдердің қатарында.
ТШО – Қазақстан энергетикасының сенімді серіктесі
Қазақстанның мұнай-газ саласындағы ең ірі операторлардың бірі – «Теңізшевройл» ЖШС (ТШО) дәстүрлі түрде форумның бас демеушісі ретінде қатысып, елдің төмен көміртекті болашаққа бағытталған стратегиясын қолдайтынын тағы бір рет көрсетті. Компания энергетикалық сектордағы инновациялық және технологиялық шешімдерді ұсыну арқылы Қазақстан экономикасының тұрақты дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Форум аясында ТШО бас директоры Уильям Лакоби компанияның Қазақстандағы көпжылдық тәжірибесі мен жаңа технологияларды енгізу бағытындағы жетістіктерін атап өтті.
ТШО 30 жылдан астам уақыт бойы қауіпсіз әрі сенімді түрде Қазақстан игілігіне қызмет етіп келеді. 1993 жылы 1 миллион тонна мұнай өндірісінен бастап, 2024 жылы бұл көрсеткіш 28 миллион тоннаға жетті. Теңіз және Королев кен орындары – әлемдегі ең күрделі техникалық нысандардың бірі, және біз оларды қауіпсіз әрі тиімді игеру үшін акционерлеріміз ұсынған бірегей жаһандық технологиялық шешімдерді енгізіп келеміз, – деді Уильям Лакоби.
Инновациялар мен жасанды интеллект – тиімділіктің жаңа формуласы
Уильям Лакоби атап өткендей, компания соңғы жылдары деректерді талдау және жасанды интеллект (AI) саласында белсенді жобалар жүргізіп келеді. Бұл бастамалар өндіріс тиімділігін арттыруға, жабдықтың жағдайын алдын-ала бақылауға және логистикалық процестерді оңтайландыруға бағытталған.
Инновациялық тәсілдердің арқасында ТШО зауыттарының сенімділік деңгейі соңғы он жыл ішінде 98%-дан жоғары болып келеді. Бұл көрсеткіш Қазақстан экономикасының тұрақтылығына тікелей ықпал етіп отыр.
Ел экономикасына қосқан үлес
Құрылған сәтінен бастап «Теңізшевройл» Қазақстан Республикасына 206 миллиард АҚШ долларынан астам тікелей қаржы төлеп, ұлттық экономикаға зор үлес қосты. Компанияның тұрақты қызметі мен әлеуметтік жауапкершілікке негізделген стратегиясы өңірдің және тұтастай елдің дамуына серпін беруде.
KAZENERGY форумы алаңында ұсынылған тәжірибе мен деректер ТШО-ның елдің энергетикалық саласын жаңғыртуға және орнықты даму қағидаттарын ілгерілетуге қосқан нақты үлесін айқындады.