UFC Шавкат Рахмоновты әлемнің үздік жауынгерлері тізімінен алып тастады
UFC Шавкат Рахмоновты әлемнің үздік жауынгерлері рейтингінен алып тастады. Қазақстандық жартылай орта салмақ өкілі енді UFC ұйымының pound-for-pound (P4P), яғни салмақ санатына қарамастан, ең мықты жауынгерлер рейтингінің топ-15 тізімінде жоқ, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Еске салайық, 19 тамыз күні Рахмонов Қазақстан тарихында алғаш рет осы беделді рейтингке еніп, 15-орынға тұрақтаған болатын. Сол кезде ол бұл позициядан бразилиялық Чарльз Оливейраны ығыстырған еді.
Алайда рейтингтің жаңартылған нұсқасында Оливейра өз орнын қайтарып алды. Ол Рио-де-Жанейрода өткен турнирде Матеуш Гамротты екінші раундта жеңіп, қарсыласын берілуге мәжбүр етті.
P4P рейтингінің алғашқы үштігі өзгеріссіз қалды:
1️) Илия Топурия (17-0);
2️) Ислам Махачев (27-1);
3️) Мераб Двалишвили (21-4).
Айта кетейік, Шавкат Рахмонов соңғы рет 2024 жылдың 7 желтоқсанында октагонға шығып, ирландиялық Иэн Гэрриді төрешілер шешімімен жеңіп, жеңіліссіз сериясын 19 жекпе-жекке дейін жеткізген болатын.
Соған қарамастан, Рахмонов жартылай орта салмақта чемпиондық белбеуге басты үміткерлердің бірі болып қала береді.