Әуежайлар жер салығынан босатылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін өткен Үкімет отырысы барысында ҚР ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты.
Азаматтық авиацияны қолдау үшін осы жылдың соңына дейін ұшу жағдайын қолдау мақсатында ұшақтарға қосалқы бөлшектерді импорттау жолында уақытша қосылған құн салығынан босату ұсынылады. Сондай-ақ әуежайлар жер салығынан және оны пайдаланғаны үшін төлемнен босатылады. Одан басқа, авиация саласындағы техникалық қызмет көрсету және басқа да қызметтерге резидент еместер қосылған құн салығын төлемейді, - деді Руслан Дәленов.
Министр баяндамасы барысында логистика және туризм салаларын қолдау шараларына да тоқталды.
Әлеуметтік маңызы бар бағыттар бойынша жолаушылар автобусы қызметтеріне қосылған құн салығын төлеуден босату көзделіп отыр. Туристік инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде басым туристік аумақтарда салық преференциялары беріледі. Ол корпоративтік табыс салығы, мүлік салығы және жер салығы бойынша жеңілдіктер, - деді ол.Руслан Дәленовтің айтуынша, теміржол көлігімен жүктерді тасымалдауға арналған өтінімді орындамағаны үшін сақтау төлемінің 10 еселенген мөлшерін 6 айға алып тастау ұсынылып отыр.
Сондай-ақ, транзит кезінде контейнерлік пайыздарды кедендік тексеруден өткізуді жеңілдету ұсынылды. Ал, импорттау кезінде тексеру соңғы станцияда бір рет жүргізілетін болады. Шектеу шараларын ескере отырып, теміржол тасымалдаушыларын субсидиялау деңгейі сақталады. Кемелер қатынасы қызметтеріне тарифтердің шекті деңгейінің қолданылу мерзімі ұзартылатын болады, - деді министр.
Айта кетейік, Руслан Дәленов бұған дейін тау-кен, агроөнеркәсіп, тұрғын үй құрылысын қолдау шаралары туралы айтқан болатын.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
“Жан Шуақ” сыйлығының лауреаттары марапатталды
Өзгелердің жаңалығы