ҰЭМ басшысы халықаралық ұйымдардың өкілдерімен екіжақты кездесулер өткізді

ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Дүниежүзілік экономикалық форум аясында Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Бас хатшысы Матиас Корманмен кездесті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҰЭМ басшысы Қазақстанның Ұйымға мүше мемлекеттер мен серіктес елдердің әлеуметтік-экономикалық дамуының жоғары стандарттарын әзірлеуге және енгізуге бағытталған ЭЫДҰ-ның саясатын ұстанатынын атап өтті. Бүгінде Қазақстан ЭЫДҰ халықаралық бастамаларының белсенді қатысушысы. Бұған қоса, жаһандық күн тәртібін дамытуға өз үлесін қосуда. Тараптар Ұйымның жоғары стандарттарын енгізу елге экономикалық реформаларды неғұрлым тиімді жүргізуге әрі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.

Ынтымақтастықтың 15 жылдық кезеңінде Қазақстан азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға және экономикалық өсуді арттыруға бағытталған ЭЫДҰ стандарттарын дәйекті түрде енгізу сатысынан өтті. Бұл жасыл экономиканы дамытуды, бәсекеге қабілеттілікті арттыруды, іскерлік ахуалды тұрақты түрде жақсартуды, инвестициялардың өсуін және әлеуметтік саланы дамытуды қамтитын жаңа ұлттық саясатты әзірлеу мен оны іске асыруда маңызды рөл атқарды, - деді Ә. Қуантыров.

Министр Қазақстанның ЭЫДҰ-мен өзара әрекеттестігінің үлкен тәжірибесін, елдің негізгі құқықтық құралдарға бейілділігі мен ұйымның жұмыс органдарына белсенді қатысуын ескере отырып, ЭЫДҰ-ға қосылуға болашақ өтінімнің негізі қалыптастырылатынын атап өтті. Ә.Қуантыров ЭЫДҰ Бас хатшысы М.Корманға Астана Халықаралық форумы аясында бірлескен панельдік сессия ұйымдастыруды ұсынды.

Ол ЭЫДҰ-ның қызметіне әрі ұйымнан тыс серіктестермен ынтымақтастығына арналатын болады. Бұдан бөлек, ҰЭМ басшысының Еуропалық қайта құру және даму банкінің президенті Одиль Рено-Бассомен кездесуі барысында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Ә.Қуантыров Қазақстанның экономикалық трансформациясына, оның ішінде инвестициялық қаржыландыру мен консультациялар беру арқылы ықпал еткеніне алғыс білдірді. 

Сондай-ақ Көкшетау қаласында 630 орындық көпбейінді аурухана салу бойынша әлеуметтік маңызды инфрақұрылымдық жобаны қаржыландыру мәселесі қозғалды. Бұл ретте банкке қарыз алудың пайыздық мөлшерлемесін төмендетуді қарастыру ұсынылды.

Сонымен қатар ҰЭМ басшысы Дүниежүзілік банктің президенті Аджай Бангамен өзара ынтымақтастық бойынша қысқаша әңгімелесті. Іс-шара соңында министр Limak компаниялар тобының төрағасы Эбру Оздемирмен кездесті.

Түрік компаниясы инвестициялық жобаларды Қазақстанда іске асыруға мүдделі екендігін жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы