ҰЭМ басшысы бюджет қаражатын басымдыққа сай жұмсаудың тетіктерін ұсынды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев Үкімет отырысында айтты.
Мемлекет қаржысының тиімділігін арттыру мақсатында Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасы әзірленетін болады. Тұжырымдама бюджет саясатын, мемлекеттік және квазимемлекеттік борышты басқару, сондай-ақ, Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыруын және пайдалануын басқару мәселелері қамтылатын болады, - деді ол.
Ерғалиев атағандай, бюджет қаржысын басымдыққа сай жұмсауды қамтамасыз ету үшін «блоктық» бюджетті және жаңа бюджеттік қағидаларды, сондай-ақ, бюджеттік лимиттерді бөлудің объективті әдістемесін енгізу көзделеді.
Жан басына қарай қаржыландыру тетігін қолдану кеңейтілетін болады. Микро және шағын бизнес субъектілері үшін еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізілетін болады. Бұл осы төлемдерді есептеу мен төлеу тәртібін оңайлатуға, сондай-ақ, еңбекақы төлеу қорына түсетін жалпы жүктемені 2023 жылдан бастап 34%-дан 25%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді, - деді министр.
Естеріңізге сала кетейік, 1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.