24 Қыркүйек 2026, 14:40 Фото: ©BAQ.KZ коллажы

УЕФА Суперкубогы Астанада өтеді: Қанша жанкүйер келеді, Қазақстан не ұтады?

2028 жылы Астанада УЕФА Суперкубогы үшін матч өтеді. Мұндай деңгейдегі турнир Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылмақ. Шешімді УЕФА Атқарушы комитеті қабылдады. Матч өтетін орын ретінде «Астана Арена» таңдалды.

Қаланы таңдағанда қандай талаптар ескеріледі? Қазақстанның халықаралық матчтарды өткізу тәжірибесі мен УЕФА-мен қарым-қатынасы қандай рөл атқаруы мүмкін? Астанаға қанша жанкүйер келуі ықтимал және қала қандай пайда көреді? Бұл туралы BAQ.KZ-ке берген эксклюзив сұхбатында спорт бизнесі жөніндегі сарапшы, британдық профессор Саймон Чедвик пен футбол қаржысы жөніндегі сарапшы, Ливерпуль университетінің оқытушысы Киран Магуайр айтып берді.

УЕФА қаланы таңдағанда нені ескереді?

Саймон Чедвик – FIFA, UEFA, футбол клубтары және ірі халықаралық компаниялармен жұмыс істеген профессор әрі спорт бизнесі саласының сарапшысы.

Оның айтуынша, Суперкубок Еуропа футболындағы маңызын сақтап отыр. Дегенмен ауқымы мен оған бөлінетін назар жағынан Чемпиондар лигасынан кейін тұрады.

Суперкубоктың әлі де маңызы бар, бірақ бүгінде ол бұрынғыға қарағанда беделі төмен турнир ретінде қабылданады. Өтетін уақыты да аса қолайлы емес: клубтар мен жанкүйерлердің көбі жаңа маусымға енді дайындалып жатады. Оның үстіне Чемпиондар лигасы соншалықты ауқымды турнирге айналды, әдетте УЕФА-ның өзге жарыстары соның көлеңкесінде қалады, - дейді Чедвик.

Профессордың пікірінше, Суперкубок өтетін орынды таңдағанда алаңның бейтарап болуы маңызды рөл атқаруы мүмкін. УЕФА стадион мен қажетті инфрақұрылымды, соның ішінде алаңның сапасын, жаттығу нысандарын және матчты ұйымдастыру мүмкіндіктерін де бағалайды.

Өтінім беруге ұлттық футбол федерациясы бастамашы болады. Содан кейін УЕФА Атқарушы комитеті дауыс беріп, матч өтетін стадион анықталады, - деп түсіндірді сарапшы.

2028 жылғы Суперкубокты Астанада өткізу туралы түпкілікті шешімді УЕФА Атқарушы комитеті қабылдады.

Неліктен Суперкубокты өткізу құқығын алу Чемпиондар лигасының финалына қарағанда оңайырақ?

Киран Магуайр – футбол қаржысы жөніндегі сарапшы, Ливерпуль университетінің Менеджмент мектебінің оқытушысы және The Price of Football кітабының авторы.

Оның пікірінше, Суперкубокты өткізу құқығын алу Чемпиондар лигасының финалын қабылдауға қарағанда оңайырақ. Бұл, соның ішінде, іс-шараның ауқымы мен стадион сыйымдылығына қойылатын талаптарға байланысты.

Ол үшін Чемпиондар лигасының финалындағыдай сыйымдылығы үлкен стадион қажет емес. Финалда «Ливерпуль», «Ювентус», «Реал Мадрид», «Барселона», «Бавария» немесе ПСЖ секілді жанкүйері көп клубтар ойнауы мүмкін. Олардың көптеген жанкүйері матчқа барғысы келеді. Ал Суперкубок қосымша іс-шара ретінде қабылданады. Сондықтан оны өткізу құқығын алу біршама оңайырақ. Соңғы жылдары Суперкубок Тбилиси, Скопье, Таллин және Хельсинки қалаларында өтті, - деді Магуайр.

ҚФФ тәжірибесі мен УЕФА-мен байланыс қандай рөл атқаруы мүмкін?

Астананың артықшылықтарының бірі халықаралық футбол матчтарын өткізу тәжірибесі болуы мүмкін. «Астана Арена» бұған дейін УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңі матчтарын қабылдаған. 2015-2016 жылғы маусымда елордалық клуб алғаш рет турнирдің осы кезеңінде ойнады.

Магуайрдың пікірінше, УЕФА үшін қабылдаушы тараптың қауіпсіздікті, логистиканы және ұйымдастырудың қажетті деңгейін қамтамасыз ете алатынына сенімді болу маңызды.

УЕФА тәуекелден аулақ болуға тырысады. Ұйым стадионды бұрыннан білсе және федерацияның матчтарды өткізе алатынына көзі жетсе, бұл тәуекелді азайтады, - деп түсіндірді сарапшы.

Магуайр Қазақстан футбол федерациясы басшылығының УЕФА-мен жұмыс байланыстары да ықпал етуі мүмкін екенін айтты. Алайда оның пікірінше, шешуші рөлді Қазақстанның өтінімі атқарған.

Футболда көп нәрсе байланысқа негізделеді, сондықтан федерация президентінің байланыстары көмектесуі мүмкін. Менің білуімше, Марат Омаров УЕФА президенті Александер Чеферинмен таныс. Чеферин өткен жылы Қазақстанға келіп, ел Президентімен кездескен сияқты. Бұл жоғары деңгейдегі қолдауды көрсетеді. Бірақ, менің ойымша, шешім өтінімнің артықшылықтары мен оны Қазақстан футбол федерациясының қалай ұсынғанына қарай қабылданды, - деді Киран Магуайр.

Астанаға қанша жанкүйер келуі мүмкін?

Саймон Чедвик негізгі қиындықтардың бірі ретінде Қазақстан мен Еуропаның басты футбол нарықтары арасындағы қашықтықты атайды.

Оның пікірінше, матч көрермендердің зор қызығушылығын тудыруы ықтимал. Алайда жол шығыны мен сапардың ұзақтығы шетелдік жанкүйерлер санына әсер етуі мүмкін.

Матч кезінде стадион лық толады деп болжауға негіз бар. Алайда ойынға қатысуы ықтимал командалардың елдері Қазақстаннан алыс орналасқандықтан, матчқа аяқастынан баруға дайын жанкүйерлер азаюы мүмкін. Оның үстіне матч жазғы демалыс маусымында өтеді, ол кезде көп адам басқа жақта жүреді. Соған қарамастан Астана ерекше сапарларды ұнататындар мен өз командасына барынша берілген жанкүйерлер үшін тартымды болуы мүмкін, – деді Чедвик.

Оның айтуынша, матчтың Қазақстанда өтуі Еуропадағы ірі футбол оқиғаларының географиясын да кеңейтеді.

Киран Магуайр шетелден келетін қонақтар саны Суперкубокта қай клубтардың ойнайтынына, сондай-ақ әуе билеттерінің бағасына көп байланысты болады деп есептейді.

Келетін жанкүйерлер саны қай клубтардың ойнайтынына байланысты. Кейбір клубтардың командасымен бірге сапарлауға үйренген жанкүйерлері көп, ал басқаларында олай емес. Батыс Еуропадан ұшу қымбат болуы мүмкін, бұл шетелдік қонақтардың санын шектеуі ықтимал.

Сонымен қатар сарапшының пікірінше, Қазақстанның өзінде де матчқа қызығушылық жоғары болады. Жергілікті жанкүйерлердің көбі Еуропаның жетекші клубтарын стадионнан көргісі келеді.

Экономикалық пайданы кім көреді?

Магуайр Астанаға түсетін тікелей экономикалық пайдаға қатысты үмітті тым асыра бағаламауға шақырады. Шетелдік жанкүйерлер қалада бірнеше күн болуы мүмкін. Сондықтан қосымша сұранысты ең алдымен қонақүйлер, мейрамханалар, әуе компаниялары, такси және басқа да қызмет көрсету орындары сезінеді.

Сарапшының айтуынша, Суперкубокқа байланысты негізгі коммерциялық кірістер, соның ішінде телетрансляция, демеушілік және билет бағдарламасының едәуір бөлігі УЕФА-ға тиесілі. Ал қабылдаушы тарап матчты ұйымдастыруы қажет.

Іс жүзінде матчты ұйымдастыру шығындарын Қазақстан футбол федерациясы көтереді. Оған стадионды УЕФА талаптарына сәйкестендіру, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік қозғалысын, әуежай жұмысын және жанкүйерлер аймақтарын ұйымдастыру кіруі мүмкін.

Дегенмен, Магуайрдың айтуынша, турнирдің әсері тек тікелей табыспен өлшенбейді. Халықаралық трансляция Астана мен Қазақстанды шетелдік үлкен аудиторияға таныстыруға мүмкіндік береді.

Іс-шараға әр елден түсірілім топтары келеді. Сондықтан оны Қазақстанды халықаралық деңгейде таныту үшін пайдалануға болады.

Астананы таныту мүмкіндігі

Магуайрдың пікірінше, халықаралық қауымдастықтың Астанаға назары айтарлықтай болғанымен, ұзаққа созылмайды. Сондықтан көп нәрсе қаланың Суперкубокқа деген қызығушылықты қалай пайдалана алатынына байланысты.

Иә, бірақ оның әсері қысқа мерзімді болады – шамамен «Евровидениеден» кейінгі жағдай сияқты. Қала бірнеше күнге назар орталығына айналады. Одан кейін бәрі осы қызығушылықты пайдалана алуға байланысты.

Сарапшының ойынша, матчты туристік ілгерілету үшін ғана емес, іскерлік байланыстар орнату үшін де пайдалануға болады.

Саймон Чедвик тағы бір ықтимал ұзақ мерзімді нәтижеге назар аударды: Суперкубокты жоғары деңгейде өткізу Қазақстанға болашақта халықаралық футбол турнирлерін қабылдауға өтінім бергенде қосымша тәжірибе болады.

Қазақстан үшін бұл матчты жоғары деңгейде өткізу маңызды. Бұл болашақта, соның ішінде Чемпиондар лигасының финалы немесе Еуропа чемпионаты сияқты жарыстарды өткізуге өтінім бергенде көмектеседі, - деді Чедвик.