Учаскелік полицияның жұмысы жайлы не білеміз?

Полицейлердің күні-түні аяғынан тік тұрып, тұрғындар тыныштығын қамтамасыз етуі үлкен жауапкершілікті жүктейді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Осы салада қажырлы еңбек етіп келе жатқан полиция полковнигі, ШҚО полиция қызметі басқармасының бастығы Талғат Нүриев азаматтардың қауіпсіздігі, қылмыскерлерді ұстау, заңсыздықтарды анықтау тәртіп сақшыларының негізгі міндеті екенін айтады.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының негізгі міндеттерінің бірі – қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы бағытта әрдайым облысымыздың көшелерінде және қоғамдық орындарында учаскелік полиция инспекторлары және патрульдік полиция бөліністерінің қызметкерлері жұмыс атқарады.

Жергілікті полиция қызметі басқармасында учаскелік полиция инспекторлары қызметін, ювеналдық полиция инспекторлары қызметін ұйымдастыру, әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау, патрульдік полиция қызметін ұйымдастыру, жол жүрісін қадағалау бойынша бөлімдер қызмет атқарады.

– Талғат Бақытханұлы, ішкі істер органдарының «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген учаскелік инспекторлар осы саланың ауыр жүгін арқалаған қара нары секілді. Тұрғындар тыныштығын күзеткен учаскелік полиция инспекторлары жұмысы жайлы не айтар едіңіз?

 - Қоқыс пен темекі тұқылын кез келген жерге тастап кететін көршілердің айқай-шуынан бастап, кісі өліміне дейінгі ауыр қылмыстардың қақ ортасында жүретін олар – әмбебап мамандар. Өйткені өзі жауапты аумақта қылмыс тіркелсе, бірінші болып жететін ол криминалист, жедел уәкіл, тергеуші, анықтаушы сияқты жауапты мамандықтардың бүкіл міндетін қатар атқарып жүреді.

Қарапайым халықтың қайнаған тіршілігінің ортасында жүретіндіктен, оларға таяқ та бірінші тиеді, алғыс та арқалап жатады. Полицияға қатысты сын мен мін тағылса да, соның көбі осы қызмет өкілдеріне қарата айтылады. Қарауындағы үйлердің қақпасын қағып, әр отбасының сыры мен мұңына еріксіз куә болып жүретіндер де осылар. Ішімдікке салынып, шаңырағының берекесін алған маскүнеммен, есірт­кіге есі кеткен нашақормен, тәнін сау­­далаған жезөкшемен, отбасының ой­ра­нын шығарып жүрген озбырмен, түзеу мекемесінен шықса да түзу жол­ға түсе қоймаған есерсоқпен де бет­пе-бет келетіндер осылар. Сырт көз­ге оңай көрінгенімен, бұл қызметтің көп­ке біліне бермейтін ауыртпалығы көп, жауапкершілігі мол, қиындығы же­тіп артылады. Мұның сыртында күн­делікті жұмысында сан қилы адаммен жолық­ты­ратын қызметтің қаупі мен қатері тағы бар.

Учаскелік полиция инспекторлары – ішкі істер органдары жүйесіндегі ең көп функциялы институт. Азаматтардың құқықтарын қор­ғау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зом­былық, құқықтық тәртіп пен жол қауіп­сіздігін қамтамасыз ету, қор­шаған ортаны қорғау, аумақтарды абаттандыру, сондай-ақ есірткі пайдалану, жануарларға қатыгездік таныту, заңсыз аң аулау және ағаштарды жою – учаскелік полицияға жүктелген мәселелер тізбегі осылай жал­ғаса береді. Бұл тізімде кәме­летке толмаған жет­кіншектердің түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде бол­мауын қадағалау, темекі өнімдерін тұтынуына тыйым салу да бар. Олардың мойнына есепте тұрған азаматтар мен пробацияда жүргендерді бақылау, нашақор және бұрын сотталған азамат­тардың тәртібін қадағалау міндеті де жүк­телген.

Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыс та бүгінгі таңда өзекті болып тұр. «Бесіктен белі шықпаған балалар бөтеннің мүлкін қолды етіп, ұрлық жасайтындай, көше кезіп, қаңғыбастыққа салынып, темір торға қамалып, өз өміріне өзі балта шабатындай не күн туды?» деп ойлайсың кейде.

– Иә, бұл өзекті мәселе екеніне таласым жоқ. Бақылаусыз, қараусыз, панасыз қалған жасөспірімдердің көбі қылмыс жасағанын өздері де аңдамай қалады. Олардың ата-аналары ішкілікке салынған немесе береке-бірлігі жоқ отбасы болып шығады. Ата-аналық парыз дегенді білмейді. Баласы қайда, қандай ортада жүр, оған бас ауыртпайды. Оның болашағын ойламайды. Бауырға басып, басынан сипау, жылы сөз айту деген жоқ. Сондықтан жасөспірім қылмысқа бармағанда қайтеді? Әрине, теріс жолға түскен балаларды тәрбиелеуге тырысамыз. Бірақ бұл ата-ананың аялы алақанына, өнегелі тәрбиесіне жетпейді. Жасөспірімдердің қолымен жасалатын қылмыстардың алдын алу – ювеналдық полиция қызметкерлері жұмысының басым бағыттарының бірі. Жасыратыны жоқ, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс – жалпы қылмыстылықтың аса қауіпті түрі. Өйткені бұл қылмыс – өскелең ұрпақтың болашағына балта шауып, кері әсерін тигізетін іс-әрекет. Сондықтан да бұл бағыттағы профилактикалық жұмыс үнемі белсенді түрде өткізіліп тұруы тиіс. 

- Полицияның сервистік моделі жөнінде не айтар едіңіз?

- Мемлекет басшысы Жолдауда «жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілгенін атап өтті. «Полицияның сервистік моделі» негізін сипаттауға болатын негізгі қағидат – полиция – бұл халық, ал халық – бұл полиция. 

Сервистік модель аясында полицияның халықпен өзара іс-қимылын оңтайландыру, ең алдымен полиция қызметкерлеріне деген сенімге, серіктестік қағидаттарына негізделуі керек. Полиция әртүрлі тілектерді қанағаттандырумен емес, заңға мүлдем бейтарап қызмет көрсету арқылы қоғамдық сенімге ие болуға тырысуы керек.

Қоғаммен тығыз қарым-қатынасқа негізделген полиция қызметінің сервистік моделі барлық проблеманың әмбебап құралы емес, алайда қоғаммен сындарлы диалог құрудың сенімді құралдарының бірі болады. Өзара іс-қимылдың осы модельдерін қолдану жергілікті жерлерде полиция жұмысының сапасын арттыруға және ішкі істер органдарын реформалау бойынша қойылған міндеттер шеңберінде мақсаттарға неғұрлым тиімді қол жеткізуге ықпал етеді.

– Халыққа қаншалықты жақынсыздар?

 Қоғамда билік пен халық арасында ашық диалог орнауы қажет. Бұл ел дамуының өзегі болмақ. Президент заман талабына сай мемлекет құру үшін алдымен азаматтардың барлық өтініш-тілегін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру қажеттігін алға тартты.

Халықпен тиімді кері байланыс орнату. Ал қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару, ең алдымен, мемлекеттік органдардың міндеті екендігі айқын.

Бізде халықпен кездесу болып тұрады. Әлеуметтік желі арқылы тікелей эфирде халықтың қызықтырған сауалдарына жауап беріп, арыз-шағымын қабылдаймыз.

Сондай-ақ халықпен кездесіп қандай ахуалдар болып жатқанын, қандай мәселелеріңіз бар, не жайттар болып жатыр деп шешілмей жатқан мәселелерді қараймыз.

Қоғамның тыныштығы, халықтың қауіпсіздігі – біз үшін аса маңызды міндет. Осынау абыройлы да аса жауапты міндет биігінен көріну жолында Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері күш-жігерін аянбай ел алдындағы антына адал қызмет ететіндігіне сенімдімін.

- Уақыт тауып, сұқбат бергеніңізге алғыс айтамын!

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Кейіпкердің мұрағатынан
Өзгелердің жаңалығы