Учаскелік полицей үйлерін су басқан тұрғындарды құтқарды
Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының учаскелік полиция инспекторы су басқан ауылдан тұрғындарын алып шығу үшін бірнеше сағат бойы етігімен су кешкен, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz сілтеме жасап.
Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданының учаскелік полиция инспекторы су басқан ауылдан тұрғындарын алып шығу үшін бірнеше сағат бойы етігімен су кешкен.
29 наурызда Ырғыз өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты аудандағы Талдысай ауылында үйлерді су басу қаупі туындады. Полицейлер күндіз үйлерді жеке аралап ескертіп, тұрғындарды эвакуациялық пункттерге жеткізген.
Алайда кейбір ауыл тұрғындары үйлерін тастап кетуден бас тартып, қауіпті аумақтарда қала берген. Олардың өмірі мен қауіпсіздігіне алаңдаған учаскелік инспектор Дархан Кемелтаев таңға дейін ауылда күзетте болған. Келесі күні таңғы сағат 4 шамасында су күрт көтеріліп, үйлерге кіре бастаған. Қалың мұзды сең мен судың салдарынан ауылда жарық та өшкен.
Көшелер қалың сеңді су астында қалғаннан кейін Дархан артқы қоршаулардан секіріп өтіп жүріп, үйлерінде ұйықтап жатқан адамдарды оятып, үйден шыға алмай қалғандарға жол бастап, сулы аймақтардан алып шығуға кіріскен.
Салқын суда ойланбастан ол таңға дейін жүгіріп жүріп, әріптесі Айбек Алтынбаевпен бірге тұрғындарды қауіпті аймақтардан алып шығып, көлігімен аман-сау эвакуациялық пункттерге жеткізген.