Учаскелік инспекторлар тұрғын үй жанындағы өртті сөндірді
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтанда учаскелік полиция инспекторлары тұрғын үй жанындағы қоқыс контейнеріндегі өртті сөндірді, деп хабарлайды Polisia.kz.
Полицейлердің дер кезінде жасаған әрекеттері қайғылы жағдайдың алдын алды, себебі қоқыс салынған контейнерлердің жанында электр қалқаны мен тұраққа қойылған автокөліктер тұрған болатын. “Есіл” ауданының учаскелік полиция инспекторлары Қабанбай батыр даңғылының бойында әкімшілік учаскені патрульдеу кезінде тұрғын үй жанындағы қоқыс жәшіктерінен түтін шыққанын байқаған.
Олар өрт сөндіру қызметін шақырып, оқиға орнына дереу жеткен. Полицейлер жағдайды тез бағалап, қызметтік автокөліктен өрт сөндіргішті алып шығып, жалынды сөндіре бастаған. Содан кейін көгалды суару шлангісін пайдаланып, өртті сөндірген.
Өрт сөндіру қызметі келгенше жалын ауыздықталған. Өрт сөндіру кезінде полицейлер автокөлік иелерін хабардар етіп, көліктің өртенуіне жол бермеді. Келесі күні өрт шыққан үйдің тұрғындары полицияның әлеуметтік желісіне алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдірді.
“Есіл” ауданының учаскелік полиция инспекторларының жедел және кәсіби іс-әрекеттерінің арқасында зардаптан құтыла алдық, – деп атап өтті полицияда.