ҰБЖ дамыту шеңберінде оқытудың жаңа циклі басталды
Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту шеңберінде ҚР Еңбекмині жанындағы Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық орган мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер қауымдастықтары үшін оқыту семинарларының кезекті легін ашты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәлімдеуінше, бірінші семинарға түрлі министрліктерден, жергілікті атқарушы органдардан, «Атамекен» ҰКП және ӨКП, жұмыс берушілер қауымдастығынан, білім беру және т. б ұйымдардан 70-тен астам адам қатысты.
Оқыту барысында Кәсіптік біліктілік жөніндегі ұлттық органның сарапшысы Динара Капитонова біліктілік жүйесінің барлық қатысушыларының тиімді өзара іс-қимылына арналған Career Enbek цифрлық платформасының таныстырылымын өткізді. Платформа еңбек нарығындағы мансапты дамыту туралы ақпаратқа, сондай-ақ ұлттық және салалық біліктілік шеңберлері, кәсіптік стандарттар және кәсіптер тізілімі сияқты ҰБЖ өзекті құралдарына қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
Семинарда Ұлттық біліктілік жүйесінің мақсаттары мен міндеттері, еуропалық біліктілік шеңберінің негізгі элементтері, деңгейлері мен дескрипторлары талқыланды. Іс-шара пікір алмасу және маңызды мәселелерді талқылау алаңына айналды.
Оқыту ай сайын жүргізіледі.