ҰБТ өзгере ме? Ресейлік сарапшы Қазақстанның жаңа бағытын бағалады
Қазақстан халықаралық тәжірибеге сүйеніп, қабылдау емтихандарын жаңғыртып жатыр. Жаңа тест талапкерлердің қандай қабілеттерін анықтайды?
Қазақстан жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандарын бағалау тәсілдерін жетілдіріп, әлемдік үрдістерге сай дамып келеді. Енді талапкерлердің пәндік білімімен қатар, сыни ойлау, мәселені шешу, ақпаратпен жұмыс істеу және коммуникация дағдыларына да басымдық берілмек. Бұл туралы Жоғары экономика мектебі Ұлттық зерттеу университетінің Психометрия және өлшемдер орталығының директоры Елена Карданова мәлімдеді.
Ұлттық тестілеу орталығының UTO Talks подкастында халықаралық сарапшы жоғары оқу орындарына қабылдау емтихандарын ұйымдастырудағы әлемдік өзгерістерге тоқталды.
Оның айтуынша, бұрын қабылдау емтихандарында негізінен талапкерлердің пәндік білімі тексерілсе, қазір жоғары оқу орнында табысты білім алуға және болашақ кәсіби қызметте қажет болатын дағдыларды бағалауға басымдық беріліп отыр.
Қазақстан да осы бағытта қабылдау емтихандары жүйесін жаңғыртуда. Атап айтқанда, Ұлттық тестілеу орталығы халықаралық ETS ұйымымен бірлесіп, жоғары оқу орнында білім алуға қажетті құзыреттерді бағалауға арналған жаңа Admissions Insight Test (AIT) тестін әзірлеп жатыр. Осы мақсатта зерттеу жұмыстары жүргізіліп, орталық мамандары ETS ұйымында тағылымдамадан өтіп, тест әзірлеу мен психометриялық өлшемдердің заманауи әдістерін меңгеруде.
Қабылдау емтихандары цифрлық форматқа көшіп жатыр
Елена Карданова қабылдау емтихандарын дамытудың негізгі бағыттарының бірі ретінде тестілеуді цифрландыруды атады.
Оның сөзінше, Қазақстанда қабылдау емтихандары компьютерлік форматта өткізілсе, бірқатар елде бұл үдеріс әлі де кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Ресейде әзірге тек информатика пәнінен емтихан компьютер арқылы қабылданады. Ал қалған пәндер бойынша тестілеу қағаз бланкілері арқылы өтеді.
Сарапшы перспективалы бағыттардың бірі ретінде адаптивті тестілеуді де атап өтті. Дәстүрлі тестілеу кезінде барлық қатысушыға бірдей тапсырмалар ұсынылса, адаптивті форматта сұрақтар тестіленушінің дайындық деңгейіне қарай іріктеледі.
Яғни тестілеу барысында әр қатысушыға үлкен тапсырмалар қорынан жеке сұрақтар жиынтығы қалыптастырылады. Алайда мұндай жүйені енгізу үшін күрделі математикалық есептеулер мен ғылыми негізделген психометриялық әдістер қажет.
Енді талапкерлердің қандай дағдылары бағаланады?
Қабылдау емтихандарының мазмұны да өзгеріп келеді. Бұрын негізгі назар пәндік білімді тексеруге аударылса, бүгінде жоғары деңгейлі ойлау қабілеттерінің маңызы артып отыр.
Олардың қатарында:
* сыни және креативті ойлау;
* мәселелерді шешу қабілеті;
* ақпаратпен жұмыс істеу;
* коммуникация дағдылары;
* міндеттер қоя білу;
* стандарттан тыс жағдайларда шешім қабылдау қабілеті бар.
«Бүкіл әлемде қабылдау емтихандарының мазмұнын өзгерту үрдісі байқалады. Бұрын негізінен пәндік білім бағаланатын. Ал қазір еңбек нарығы өзгеріп, мамандарға қойылатын талаптар да жаңаруда. Соған байланысты ХХІ ғасыр дағдыларының маңызы артып келеді. Олардың қатарына сыни ойлау, коммуникация, мәселелерді шешу, міндеттер қоя білу және оларды стандарттан тыс жағдайларда орындау қабілеттері жатады», – деді Елена Карданова.
Сарапшы мұндай құзыреттерді бағалау ғылыми тұрғыдан негізделген тәсілдерді қажет ететінін атап өтті. Мәселен, адамның сыни ойлау қабілетін өзін-өзі бағалауы немесе қарапайым сауалнама арқылы нақты анықтау мүмкін емес. Себебі бұл – күрделі әрі тікелей байқала бермейтін дағдылар. Сондықтан оларды бағалау үшін арнайы психометриялық әдістер қолданылады.
Осыған байланысты тест тапсырмаларын әзірлейтін мамандарға қойылатын талаптар да артып келеді. Олар пәндік біліммен қатар, тест құрастыру әдістемелерін меңгеріп, бағаланатын құзыреттің ерекшелігін түсінуі және соған сәйкес тапсырма форматын таңдай білуі керек.
Демек, заманауи қабылдау емтихандарын әзірлеу тек техникалық жұмыс емес. Бұл ғылыми зерттеулер мен терең әдіснамалық дайындықты қажет ететін күрделі үдеріске айналып отыр.
Оңтүстік Корея тәжірибесі: күрделі тапсырмалардан неге бас тартты?
Халықаралық тәжірибеге тоқталған Елена Карданова Оңтүстік Кореяны мысалға келтірді.
Бұл елде бұрын «киллер тапсырмалар» деп аталатын, мектеп бағдарламасынан тыс әрі күрделілігімен ерекшеленетін сұрақтар қолданылған. Оларды орындау үшін талапкерлер репетиторлардың көмегіне жүгініп, қосымша дайындалуға мәжбүр болған.
Алайда қоғам тарапынан сын күшейген соң, бұл тәжірибеден біртіндеп бас тартылып, мектеп бағдарламасының мазмұнына негізделген тапсырмаларға басымдық беріле бастаған.
Тест тапсырмаларын әзірлеуде жасанды интеллект қолданыла ма?
Сарапшы тест тапсырмаларын әзірлеуде жасанды интеллектіні пайдалану мүмкіндіктеріне де тоқталды.
Оның айтуынша, қазіргі технологиялар тапсырмаларды автоматты түрде құрастыруға және олардың күрделілік деңгейін алдын ала болжауға мүмкіндік беретін зерттеулерге жол ашып отыр.
Мәселен, бастапқы тапсырманың бірнеше жаңа нұсқасын әзірлеу кезінде статистикалық әдістер мен жасанды интеллектіні қолдануға болады. Бұл олардың күрделілік деңгейін салыстырып, бастапқы тапсырмаға қаншалықты сәйкес келетінін бағалауға көмектеседі.
Дегенмен Елена Карданова жоғары маңызға ие қабылдау емтихандары кезінде тапсырмаларды автоматты түрде генерациялауға әзірге ерте екенін айтты. Оның пікірінше, мұндай сұрақтар емтиханға енгізілмес бұрын міндетті түрде сараптамалық тексеруден өтіп, апробациялануы қажет. Бұл тестілеудің сапасы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін маңызды.
Қазақстан ҰБТ жүйесін жетілдіруде алдыңғы қатарда ма?
Халықаралық сарапшы Қазақстанның қабылдау емтихандары жүйесіндегі өзгерістеріне де оң бағасын берді.
«Қазақстан да ҰБТ жүйесін өзгерту арқылы әлемдік көшбасшылар қатарында келе жатқанын білемін», – деп атап өтті Елена Карданова.
Оның пікірі Ұлттық тестілеу орталығының қазіргі жұмыс бағыттарымен үндеседі. Атап айтқанда, AIT жобасы аясында жүргізіліп жатқан зерттеулер мен халықаралық тәжірибені зерделеу талапкерлердің құзыреттерін бағалаудың ғылыми негізделген жаңа тәсілдерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бұл Қазақстандағы қабылдау емтихандары жүйесін жоғары білім беру саласы мен еңбек нарығының өзгеріп отырған талаптарына бейімдеудегі маңызды қадам болмақ.