Кеше 2026, 20:03 Фото: ©BAQ.KZ архиві/Артем Чурсинов

ҰБТ-ның бес аптасында 474 ереже бұзушылық анықталды

Бесінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 67 пайызы шекті балл жинаған.

2026 жылдың 10 мамырында басталған негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) аясында талапкерлер тестілеуді 236 мыңға жуық рет тапсырған. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығы мәлімдеді.

Ведомство мәліметінше, талапкерлердің 72 пайызы тесті қазақ тілінде, 28 пайызы орыс тілінде тапсырса, 408 адам ағылшын тілін таңдаған.

Бесінші аптаның қорытындысы бойынша талапкерлердің 67 пайызы шекті балл жинаған. Бес пән бойынша орташа нәтиже 64 балды құрады. Ең жоғары көрсеткіш – 140 балл. Бұл нәтижеге Павлодар облысының түлегі Әсет Альтаир қол жеткізді.

ҰБТ-ны ұйымдастыру барысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге де жағдай жасалған. Биыл тестілеуге ЕБҚ санатындағы 668 талапкер қатысқан.

Талапкерлер тест тапсырмаларының мазмұнына қатысты тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляция бере алады. Ал техникалық себептерге байланысты шағымдар тестілеу барысында қабылданады. Сертификаттар апелляциялық өтініштер толық қаралғаннан кейін жеке кабинеттерде жарияланады.

Сонымен қатар тестілеудің бес аптасында 474 ереже бұзушылық тіркелген. Оның ішінде 298 талапкер смартфон, смарт көзілдірік, микроқұлаққап, шпаргалка және өзге де тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілген. Тағы 176 адамның нәтижесі аудиторияда ережені бұзғаны үшін жойылды.

Ұлттық тестілеу орталығының мәліметінше, өзге адамның орнына тест тапсыру деректері анықталмаған.

Айта кетейік, 2026 жылғы ҰБТ аяқталғаннан кейін 31 қазанға дейін барлық бейнежазбаға талдау жүргізіледі. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе тестілеу ережелерін бұзу фактілері анықталса, талапкерлердің ҰБТ нәтижелері күшін жояды.

Еске салсақ, биылғы негізгі ҰБТ-ға қатысу үшін 240 мыңға жуық талапкер екі мүмкіндік бойынша жалпы саны 446 мыңнан астам өтініш берген.