«ҰБТ-ны сіздің орныңызға тапсырамыз»: талапкерлерге маңызды ескерту жасалды
ҰТО талапкерлерді күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырды.
Қазақстанда Ұлттық бірыңғай тестілеуге (ҰБТ) байланысты алаяқтық жағдайлары жиілеген. Әлеуметтік желілерде алаяқтар талапкерлерге «ҰБТ-ны олардың орнына тапсырып береміз» немесе тапсырмалардың жауаптарын береміз деп, нәтижеге кепілдік беретінін айтып жүр.
Ұлттық тестілеу орталығы (ҰТО) мұндай ұсыныстарды тек алаяқтар жасайтынын ескертті. Орталық белгісіз адамдарға сенбеуге және күмәнді қызметтер үшін ақша бермеуге шақырды.
Әр қатысушыға – жеке тест нұсқасы
ҰТО әрбір тест тапсырушыға жеке тест нұсқасы жасалатынын атап өтті. Сонымен қатар тестілеу жүйесіне сырттан араласуға жол бермеу үшін қажетті ақпараттық қауіпсіздік шаралары қолданылады.
2027 жылғы болашақ талапкерлерді барынша мұқият болуға, алаяқтарға сенбеуге және «кепілдендірілген нәтиже» туралы уәделерге алданбауға шақырамыз. ҰБТ-ға өз беттеріңізше дайындалып, өз күштеріңіз бен білімдеріңізге сеніңіздер. Академиялық адалдық қағидаттарын бірге сақтайық, – делінген ҰТО мәлімдемесінде.
Қазақстанда 25 шілде мен 5 тамыз аралығында ақылы бөлімге түсуге арналған тамыз айындағы ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштер қабылданды.