Бүгiн 2026, 17:22 Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

ҰБТ нәтижелері қайта тексеріле ме? Министр жоғары балл жинаған талапкерлер туралы айтты

Кіреберісте қатысушылар металл іздегіш арқылы тексеріліп, тыйым салынған заттардың болуына бақылау жасалады.

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкіметте өткен брифингте жоғары балл жинаған талапкерлердің ҰБТ нәтижелері қайта тексеріле ме деген сұраққа жауап берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, қосымша тексеріс жүргізудің қажеті жоқ.

Жоғары балл жинаған талапкерлер бар. Біз олардың оқу тарихын көріп отырмыз. Ең қызығы – олардың арасында ауыл мектептерінің түлектері, ата-анасы кәсіби педагог болатын жақсы отбасылардан шыққан балалар да бар. Бұрынғыдай ҰБТ-ның ашықтығы мен әділдігіне қатысты үлкен сұрақтар қазір жоқ деп ойлаймын, – деді Саясат Нұрбек.

Министр қазіргі таңда ҰБТ қатаң бақылау мен күшейтілген қауіпсіздік шаралары жағдайында өтетінін атап өтті. Тестілеуге кіреберісте қатысушылар металл іздегіш арқылы тексеріліп, тыйым салынған заттардың болуына бақылау жасалады. Сонымен қатар, ереженің сақталуын арнайы дайындалған қызметкерлер мен инспекторлар қадағалайды.

ҰБТ толықтай цифрлық форматта өткізіледі. Аудиторияларда бейнекамералар орнатылған, ал жүйе тест тапсырушылардың әрекетін бірнеше параметр бойынша нақты уақыт режимінде бақылап отырады.

Саясат Нұрбектің сөзінше, күмән тудыратын кез келген әрекет немесе рұқсат етілмеген құралдарды пайдалану фактілері тіркеліп, сақталады. Бейнежазбалар бірнеше ай бойы сақталып, қажет болған жағдайда нәтижелерді қайта қарауға немесе шағымдарды тексеруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ жазбаларды Ұлттық тестілеу орталығының қызметкерлері қосымша тексереді. Министр бүгінде ҰБТ жүйесіне техникалық бақылаудың іс жүзінде барлық мүмкін шаралары енгізілгенін айтты.

Еске салайық, бұған дейін мектептерде БЖБ мен ТЖБ алынып тасталуы мүмкін екені хабарланды

Сондай-ақ, биыл ҰБТ-ны талапкерлер тестті екі рет тапсыра алады