ҰБТ. IT-ға түсетіндер физика емес, информатикадан тест тапсырады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Келесі оқу жылынан бастап IT-бағыттарына түскісі келетін талапкерлер ҰБТ-да физика емес, информатика пәнінен тест тапсырады.
Бұл туралы БҒМ баспасөз қызметі хабарлады.
Білім және ғылым министрлігіне ЖОО-ларда IT-бағыттар бойынша оқығысы келетін талапкерлер үшін ҰБТ тапсыру кезінде бейінді пәндер тізбесіне «Информатика» пәнін енгізу туралы көптеген өтініштер келіп түседі.
Осыған байланысты министрлік талдау жүргізіп, 2022-2023 оқу жылынан бастап «Информатика мұғалімдерін даярлау», «Ақпараттық технологиялар» және «Ақпараттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламалары топтарына түсетін оқушылар ҰБТ-да «Математика+Физика» орнына «Математика+Информатика»комбинациясын тапсырады деген шешім қабылдады, - делінген хабарламада.
2021-2022 оқу жылында бейіндік пән «Физика» болып қала береді, бұл ретте пилот ретінде талапкерлердің таңдауы бойынша биыл осы дайындық бағыттарына (наурыздағы ҰБТ кезінде) түсу үшін «Математика +Информатика»комбинациясын таңдау опциясы қосымша қолжетімді болады.