ҰБТ-ға қатысуға 187 мыңға жуық оқушы өтініш берді
Қаңтар айындағы ҰБТ-ға қатысуға 187 мыңға жуық оқушы өтініш берді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі 2026 жылғы қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау аяқталғанын мәлім етті.
Биыл 187 мыңға жуық адам тестілеуден өтуге ниет білдірді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға көп. ҰБТ 10 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді.
Атап өтсек, талапкерлер өтініш беру барысында олар тестілеу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдады.
ҰБТ барысында калькулятор, Химиялық элементтердің периодтық жүйесі (Менделеев кестесі) және тұздардың ерігіштік кестесі тестілеу бағдарламасында қолжетімді болады. Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Апелляцияға өтініш берген тестіленушілердің сертификаты аппеляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде шығады.
2026 жылы Ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті пәнді және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны – 120. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырмадан, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ бойынша ең жоғары балл да өзгермейді және 140 балды құрайды.
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
Естеріңізге сала кетсек, қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданғандар, шығармашылық ББТ-дан ақылы негізде басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, өткен жылғы мектеп және колледж түлектері, ҚР азаматы болып табылмайтын ұлты қазақ тұлғалар, шетелде білім алған ҚР азаматтары, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін қатысады.