16 Шілде 2026, 17:18 Фото: ©BAQ.KZ архиві

ҰБТ-ға дайындық жеңілдейді: Талапкерлерге арналған жаңа сервистер іске қосылды

Енді талапкерлер тесттен кейін қай тақырыпты жақсы меңгергенін және қай бағытты күшейту қажет екенін бірден көре алады.

Биылғы ҰБТ-ға дайындалатын талапкерлер үшін жаңа цифрлық сервистер әзірленді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Бұл туралы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлжан Жарасова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

Ол оқу жылының басында ресми сайтта тест тапсырмалары құрастырылатын оқулықтардың тізімі, Қазақстан тарихы бойынша 100 тарихи дата, информатика пәнінің терминдері және қазақ және орыс әдебиеттері бойынша шығармалар тізімі жарияланатынын еске салды.

Сонымен қатар тестілеу аяқталғаннан кейін әрбір қатысушы өз нәтижесінің тақырыптық талдауын алады. Бұрын түлектер тек дұрыс және қате жауаптарының санын ғана көрсе, енді қай тақырыптарды жақсы меңгергенін, ал қай бөлімдер бойынша қосымша дайындық қажет екенін анықтай алады. Бұл талдау тест аяқталған бойда қолжетімді болады және талапкердің жеке кабинетінде сақталады, – деп түсіндірді Гүлжан Жарасова.

Сонымен қатар тақырыптық талдау статистикасы білім басқармалары мен мектептерге де жолданады. Бұл ҰБТ нәтижелерін орта білім сапасын жетілдіруде тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Еске салайық, бұған дейін қазақстандық түлектер ең көп қандай пәндерді таңдағаны белгілі болды