ҰБТ ережесіне өзгеріс енгізілді: Енді тестілеу күнін ауыстыруға болады
Қазақстанда ҰБТ өткізу қағидаларына өзгерістер енгізілді.
Қазақстанның Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Бірыңғай ұлттық тестілеуді өткізу қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрыққа қол қойды. Жаңашылдықтар өтініш беру мерзімдеріне, тестілеу күнін ауыстыруға, апелляция рәсіміне және кейбір талапкерлер үшін ҰБТ тапсыру тәртібіне қатысты. BAQ.KZ тілшісі не өзгергенін тарқатады.
Қысқартылған оқу мерзіміне түсетін талапкерлерге өзгерістер
Ереженің 6-тармағының бесінші бөлігі жаңа редакцияда берілді. Оған сәйкес, қысқартылған оқу мерзімімен білім беру бағдарламалары бойынша туыстас бағыттарға түсетін тұлғалар ҰБТ-ны жалпы кәсіптік және арнайы пәндер бойынша тапсырады.
Бұл талап Қазақстан азаматтығы жоқ қазақ ұлты өкілдеріне де қатысты. Алайда шығармашылық дайындықты талап ететін білім беру бағдарламалары топтарына түсетін талапкерлер үшін бұл норма қолданылмайды.
Сондай-ақ 10-1-тармақтың қазақ тіліндегі мәтіні нақтыланғаны айтылды. Ал орыс тіліндегі мәтін өзгеріссіз қалды.
ҰБТ-ны қашан көшіруге болады
Ереженің 16-тармағы жаңа редакцияда жазылды. ҰБТ-ға қатысуға өтініш беріп, бірақ белгіленген күні тестілеуге қатыса алмаған талапкерлер тестілеу кезеңіндегі келесі күндердің бірінде тест тапсыра алады.
Бұл мүмкіндік аудиторияда бос орын болған жағдайда және тестілеу тиісті тілде қағаз форматында өткізілгенде беріледі.
Тестілеу күнін көшіруге тек дәлелді себептер болған жағдайда рұқсат етіледі. Мұндай себептерге мыналар жатады:
– ауру немесе ауруханаға жатқызылу. Талапкер дәрігерлік-консультациялық комиссияның №026/у нысанындағы қорытындысын немесе стационарлық науқастың медициналық картасынан үзінді (эпикриз) ұсынуы тиіс;
– жақын туысының қайтыс болуы. Бұл жағдайда талапкер қайтыс болу туралы куәлікті және жақын туыстықты растайтын құжатты ұсынады. Жақын туыстардың тізімі Қазақстан Республикасының «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» кодексінің 1-бабы 13) тармақшасында көрсетілген;
– республикалық немесе халықаралық олимпиадаларға, ғылыми жобалар конкурстарына, орындаушылар конкурстарына, кәсіби шеберлік байқауларына немесе спорттық жарыстарға қатысу. Мұндай жағдайда білім беру ұйымының қатысу туралы бұйрығы ұсынылуы қажет;
– әлеуметтік, табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар. Бұл жағдайда тестілеу ресми төтенше жағдай режимі енгізілгенін растайтын құжаттардың негізінде кейінге қалдырылады.
Тестілеуді көшіру үшін талапкер Ұлттық тестілеу орталығының директорына өтініш жазып, тиісті растайтын құжаттарды қоса тапсыруы тиіс.
ҰБТ-ға өтініш беру мерзімдері нақтыланды
Ереженің 74-тармағы да жаңа редакцияда жазылды. ҰБТ-ға қатысу үшін өтініштер электрондық форматта онлайн мына кезеңдерде қабылданады:
- 20-30 желтоқсан – талапкерлердің жекелеген санаттары үшін;
- 15-25 ақпан – белгілі бір санаттағы талапкерлер үшін;
- 10-25 сәуір – мектеп түлектері мен басқа да талапкерлер үшін (осы кезеңде өтінішті екі реттен артық беруге болмайды);
- 25 шілде – 5 тамыз – жекелеген санаттағы талапкерлер үшін.
Өтініш берген кезде талапкер ҰБТ өткізу пунктін, тестілеу күнін және уақытын өзі таңдайды.
Егер талапкер белгіленген мерзімде өтініш бермесе, тестілеу басталғанға дейін аудиторияда бос орын болған жағдайда тіркелу мүмкіндігі берілуі мүмкін. Бұл да жоғарыда аталған дәлелді себептер (ауру, жақын туысының қайтыс болуы, олимпиадаларға қатысу немесе төтенше жағдайлар) болған жағдайда жүзеге асырылады.
Мұндай жағдайда да талапкер Ұлттық тестілеу орталығы директорының атына өтініш беріп, растайтын құжаттарды қоса тапсыруы керек.
Апелляция беру тәртібі өзгерді
Ереженің 93-тармағына да өзгерістер енгізілді. Енді тест тапсырмаларының мазмұны бойынша апелляцияға өтініш тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде беріледі.
Тестілеу аяқталған соң компьютер экранында нәтижелерді талдау картасы көрсетіледі. Онда жауап нұсқалары, әр тапсырма бойынша балл, блоктар бойынша балл саны және жалпы нәтиже көрсетіледі. Талапкерге нәтижемен танысу үшін 10 минут уақыт беріледі.
Одан кейін экранда «апелляцияға өту» және «апелляциясыз аяқтау» функциялары пайда болады. Егер талапкер ешқайсысын таңдамаса, бағдарлама 10 минуттан кейін автоматты түрде жабылады.
Егер талапкер «апелляцияға өту» функциясын таңдаса, ол тапсырмаларға өтіп, апелляция берудің негіздемесін жазады. Апелляцияны аяқтаған соң «апелляцияны аяқтау» батырмасын басу қажет.
Осыдан кейін экранда апелляцияға жіберілген тапсырмалар бойынша өтінішті талдау картасы көрсетіледі. Ал «апелляциясыз аяқтау» батырмасы таңдалса, талапкер аудиториядан шығады.
Апелляция нәтижелері 30 жұмыс күні ішінде ұсынылады.