ҰБТ-дан 132 балл алған атыраулық түлек Оңтүстік Кореяға оқуға түсті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Атырау қаласындағы "Білім-Инновация" лицей-интернатының түлегі Ризабек Алпамыс ҰБТ-дан 132 балл жинаған. Ол Оңтүстік Кореядағы Ulsan National Institute of Science and Technology (UNIST) университетіне оқуға түсті.
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі Facebook парақшасында жазды.
ӨКҚ хабарлауынша, атыраулық түлек сонымен қатар Оңтүстік Кореяның екі алдыңғы қатарлы ғылыми зерттеу және технология университеті мен Гонконгтағы ғылым және технологиялар университетінен шақырту алған.
Ризабек Алпамыс 2021 жылы Еуропалық физика олимпиадасынан күміс медаль, биыл Азия олимпиадасынан қола медальді қанжығасына байлаған. 2021-2022 жылдары халықаралық физика олимпиадасынан екі дүркін күміс медаль иегері атанды. Биыл О.Жәутіков атындағы халықаралық олимпиададан да алтын медаль иемденген.
Мақсатым – жаңа технологияларды ойлап табуға өз үлесімді қосу. Қазақстандағы ғылым мен техника саласын дамытуға ат салыссам деген ойым бар. Бос уақытымда бағдарламалар құрастырғанды, футбол ойнағанды жақсы көремін. Бірақ уақытымның көбін ғылыммен айналысуға арнаймын, - дейді ол.
Айта кетейік, Ulsan National Institute of Science and Technology оқу ордасы білім деңгейі бойынша әлемдегі ең мықты 200 университеттің қатарына кіреді.