ҰБТ-дағы «тест жауаптарына» сенгендер опық жеуі мүмкін
Қазақстандық түлектерге алаяқтардан сақ болу ескертілді
Әлеуметтік желілерде «ҰБТ-дан өткізіп береміз», «грант алып береміз» немесе «тест жауаптарын сатамыз» деген алаяқтық ұсыныстар тарап жатыр.
Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі мәлімдеді.
ҰТО мектеп бітірушілер мен олардың ата-аналарын күмәнді ақпаратқа сенбеуге және алаяқтардың арбауына түспеуге шақырды.
Әрбір талапкер үшін тесттің жеке нұсқасы дайындалады. Сондықтан интернетте тарап жатқан «тест жауаптары» шынайы ҰБТ тапсырмаларымен сәйкес келмейді, – деп ескертті орталық өкілдері.
Ұлттық тестілеу орталығы тест тапсырмалары ҰТО-ның зияткерлік меншігі екенін де еске салды. Оларды заңсыз тарату мен жариялау заң бойынша жауапкершілікке әкеледі.
Тест материалдарын заңсыз тарату немесе осындай арналардың жұмысы анықталған жағдайда, тиісті шаралар уәкілетті органдармен бірлесіп қабылданады.
ҰБТ-ға тек өз біліміңізге сеніп дайындалуға шақырамыз. Академиялық адалдық қағидаларын бірге сақтайық, – дейді орталық мамандары.
Қазақстанда негізгі ҰБТ 10 мамырда басталып, 10 шілдеге дейін жалғасады. Тестілеуге қатысу үшін шамамен 240 мың талапкер өтініш берген.
ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті пән мен екі бейіндік пән тапсырады. Жалпы тапсырма саны – 120. Оның ішінде 20 сұрақ Қазақстан тарихынан, 10 сұрақ оқу сауаттылығынан, 10 сұрақ математикалық сауаттылықтан және екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі.
ҰБТ-ның ең жоғары көрсеткіші – 140 балл. Тестілеуге 4 сағат, яғни 240 минут уақыт бөлінеді. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін қосымша 40 минут уақыт сақталады.