ҰБТ: Алматыда қанша мектеп түлектері тестке қатысады?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматы қаласы бойынша 190 мемлекеттік және 49 жекеменшік мектептің түлегі ҰБТ-ға қатысады. Өтініш білдірген түлектердің жалпы саны 9047. 

Бұл туралы Алматы қаласы Білім беру басқарма басшысы Ләззат Жылқыбаева брифинг барысында айтты.

Басқарма басшысы биыл ҰБТ-ға құжаттарды қабылдау тәртібі өзгергенін айтты.

Түлектерден өтінішті қабылдау 20 сәуір мен 10 мамыр аралығында тестілеу орталығының сайты арқылы онлайн режимінде іске асырылды. Ал маусым айында ҰБТ-ға Алматы қаласы бойынша 190 мемлекеттік және 49 жекеменшік мектептің түлектері қатысады. Өтініш білдірген түлектердің саны 9047, - деді басқарма басшысы. 

Сонымен қатар, ол ҰБТ тапсыру ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығына сәйкес 2020 жылдың 20 маусымы мен 5 шілде аралығында өтетінін айтты. 

Ұлттық бірыңғай тестілеу санитариялық талаптарды қатаң сақтай отырып, әдеттегі форматта жүргізіледі. Алматы қаласы бойынша тестілеу жүргізу үшін 8 оқу орны анықталған. ҰБТ тапсыратын орындардың барлығында дезинфекциялық шаралар қатаң жүргізіледі, - деді Ләззат Жылқыбаева. 

Сөз арасында ол Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы мен жазғы уақытта балалармен жұмыс ұйымдастыру ісіне дайындық жүргізіліп жатқанын айтты. 

Аталған жұмысты қалалық Спорт, Мәдениет және Қоғамдық даму басқармаларымен бірлесіп іске асыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, балаларға арналған шығармашылық ұйымдар мен спорт үйірмелері ұйымдастырылып, онлайн іс-шаралар өткізіледі. Сонымен қатар, еріктілердің жұмысы жанданады, - деді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы