Жамбыл облысында ҰБТ қалай ұйымдастырылады?

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Бірнеше күннен кейін барлық мектепте соңғы қоңырау соғылып, кезекті оқу жылы аяқталады. Жамбыл облысындағы 446 білім мекемесінде 222 801 оқушы білім алса, соның ішінде 364 орта мектептен 8 796 бітіруші түлеп ұшқалы отыр.

Олар қорытынды аттестаттауға қатысып, өз таңдауларына қарай Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Биылғы түлектердің 328-і «Алтын белгі» төсбелгісіне, 245-і - үздік аттестатқа үміткер.


Жамбыл облыстық білім басқармасының басшысы Рахия Тұрмаханбетованың айтуынша, өңірдегі жалпы түлектердің 5 913-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады.

«ҰБТ қатысушылары бұрынғыдай Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы ТарМУ мен ТарМПУ-дағы және Жуалы, Талас, Сарысу, Шу, Меркі, Т.Рысқұлов, Қордай, Мойынқұм аудандарында орналасқан 10 пунктте тест тапсырады. Қазір дайындық жұмыстары жүргізілуде», - деді басқарма басшысы.

Білім саласындағы қазіргі өзекті мәселенің бірі – оқушылардың демалысын дұрыс ұйымдастыру. Рахия Сейітбекқызы биыл Жамбыл облысы бойынша барлығы 203 107 оқушы жазғы сауықтыру шараларына тартылатынын жеткізді.

«Оның ішінде 185 516-сы 425 мектеп жанындағы, 8 046-сы 10 қала сыртындағы, 160-ы палаткалық, 290-ы республикалық лагерьлерде және 9 095 жасөспірім ата-аналар, демеушілер есебінен демалмақ. Сондай-ақ, осы кезеңде 37 716 оқушы туристік саяхаттар мен экскурсияларға жіберіліп, 108 676 жеткіншекке түрлі үйірмеге қатысуға мүмкіндік жасалады», - деді Рахия Тұрмаханбетова.

Жауапты маман бос уақытын тиімді өткізетін балалардың қатарында еңбек жасақтарына шақырылып отырған 16 791 балғын да бар екенін мәлімдеді.

Оның айтуынша, мектеп жанындағы лагерьлермен қамтылатын 185 516 оқушының 21 378-і - әлеуметтік қолдауды қажет ететін және көпбалалы отбасылардың балалары. Олар тиісінше бюджет есебінен аталмыш лагерьде тегін демалады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы