Бүгiн 2026, 11:30 Фото: ©BAQ.KZ архиві

ҰБТ-2026: Биыл талапкерлер тестті екі рет тапсыра алады

Биыл тестілеуге 239 мыңнан астам адам өтініш берген.

Қазақстанда 2025-2026 оқу жылы жоғары білім беру жүйесінде тұрақты режимде аяқталып жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Министрдің айтуынша, қазіргі басты міндет – жоғары білімнің қолжетімділігін қамтамасыз етіп қана қоймай, экономиканың, өңірлік дамудың және елдің технологиялық трансформациясының сұранысына сай мамандар даярлау.

Саясат Нұрбек биыл мектеп бітірушілер саны айтарлықтай артқанын атап өтті.

2026 жылы мектепті шамамен 215 мың түлек аяқтайды. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2023 жылы – 162 мың, ал 2024 жылы 188 мың түлек болды. Бұл жоғары білімге деген сұраныстың тұрақты өсіп келе жатқанын көрсетеді, – деді министр.

Министрліктің мәліметінше, биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысу үшін 239 мыңнан астам адам тіркелген. Оның ішінде колледж түлектері мен өткен жылдардың мектеп бітірушілері де бар.

Шамамен 200 мың талапкер – биылғы мектеп түлектері.

Министрдің сөзінше, Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасына сәйкес ҰБТ өткізу бойынша барлық мемлекеттік органдардың үйлесімді жұмысы қамтамасыз етілген.

Барлық өңірлерде жергілікті атқарушы органдар, құқық қорғау құрылымдары, жоғары оқу орындары мен білім басқармалары қатысатын мемлекеттік комиссиялар құрылған.

Ұлттық бірыңғай тестілеу 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өткізіліп жатыр.

Биыл ҰБТ форматы өзгеріссіз қалған. Талапкерлер тестілеуді екі рет тапсырып, грант конкурсына ең жоғары нәтижемен қатыса алады.

Сонымен қатар тестілеуден кейін қатысушылар дұрыс және қате жауаптар туралы ақпаратпен бірге нәтижелердің толық талдауын алады.

Қазіргі уақытта 80 мыңнан астам адам тестілеуден өтіп үлгерген.

Министр ҰБТ-ның жоғары әлеуметтік маңызын ескере отырып, әкімдіктер мен мемлекеттік органдарды тестілеу толық аяқталғанға дейін барлық қажетті шараларды тұрақты үйлестіруге шақырды.