ҰБТ-2024: Биыл неше талапкер шекті балл жинады

ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Гүлзат Көбенова биылғы ҰБТ нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бүгін, 12 шілдеде негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталады. ҰБТ электронды форматта 43 тестілеу орталығында өтті, - деді ол.

Гүлзат Көбенова атап өткендей, су апатынан зардап шеккен 6 өңірде, атап айтқанда Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында ҰБТ 12 шілдеге дейін ұзартылған болатын.

ҰБТ-ның маңызды артықшылықтарының бірі оны тапсыруға екі мүмкіндік беріліп, тестіленуші ең жақсы нәтижені грант иелену үшін конкурсқа жолдай алады. Биыл мектеп түлектерінің саны артып, 181 мыңнан астам талапкер ҰБТ-ны екі мүмкіндікті қоса есептегенде 326 мың рет тапсырды, - деп айтты министрлік өкілі.

Көбенованың айтуынша, былтырмен салыстырғанда 20 мыңға артық бала ҰБТ тапсырып отыр. Бұл Қазақстандағы демографиялық жағдайдың жақсарғанын және жоғары білімге сұраныстың артуын көрсетіп отыр.

Алдын ала ақпарат бойынша, 139 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады. Олар грант конкурсына қатыса алады.

2023 жылы 162 мың бала 291 мың рет тапсырған. Бұл қатысушылардың жалпы санының 76%-ы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: BAQ.KZ -архив
Өзгелердің жаңалығы