ҰБТ 2021: Өзгерістер мен жаңашылдықтар
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елімізде 2019 жылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі. Биылдыққа ҰБТ-ның алғашқысы қаңтар айында өтті. Осы ретте биыл тестілеудің форматында қандай өзгешеліктер бар? Тестілеу қашан электронды форматта өткізіледі? Шекті балл көлемі қанша? ҰБТ сұрақтары жаңарды ма? Осы сияқты сауалдарға бүгінгі мақаламызда жауап береміз.
Қазақстандағы ҰБТ тарихы
Орта білім беру ұйымдарында білім беру сапасын сырттай бағалау мақсатында, 2004 жылы Республикамыздың мектеп түлектерін қорытынды аттестаттау мен жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын біріктіретін - Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) енгізілді. 2017 жылдан бастап мектеп түлектерін қорытынды аттестаттау мен ҰБТ бөлек өткізілетін болды. ҰБТ – жоғары оқу орындарына түсуге арналған іріктеу емтихандарының бір нысаны болып қалды.
2019 жылдан бастап ҰБТ жылына 4 рет өткізіледі:
1) 15 және 20 қаңтар аралығы;
2) 26 және 31 наурыз аралығы;
3) 20 маусым мен 5 шілде аралығы;
4) 17 және 20 тамыз аралығы.
ҰБТ 2020 жыл
Ұлттық тестілеу орталығының мәліметіне сәйкес, 2020 жылы ҰБТ 3 рет, атап айтсақ, қаңтар, маусым, тамыз айларында қағаз форматта өткізілді. Наурыз айындағы ҰБТ елімізде енгізілген карантиндік режимге байланысты өткізілмеді. Бірақ тестіленушілер үшін Орталық сайтында 70 нұсқа онлайн байқау тестілеуі тегін өтуге және тамыз айындағы тестілеуге тегін қатысуға мүмкіндік берілді. Маусым және тамыз айындағы тестілеу санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізілді. 19 шілде күні дене қызуы көтеріліп, тестілеуге кіргізілмеген тестіленушілер үшін қосымша лек өткізілді.
Карантин жағдайында өткізілген тестілеудің әрбір кезеңінде медициналық-санитарлық талаптары сақталды. Атап айтқанда: медициналық қызметкерлердің кезекшілігі ұйымдастырылып, тестіленушілер аудиторияларға әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып отырғызылды, қатаң маскалық режим, дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілді. Баррикадалық ленталар, тоннельдің, залалсыздандыру дезинфекциясының, тепловизордың, антисептикалық сұйықтықтар, дезинфекциялық кілемшелер мен қолданылған маскаларды жинауға арналған тасымалды қоқыс жәшігінің, кварцтауға арналған аппараттың болуы талап етілді, - деді орталық директоры Дидар Смағұлов.2020 жылдың тағы бір ерекшелігі - тестілеу кезінде тестіленушілерге қарапайым негіздегі калькуляторды қолдануға рұқсат берілді. Сонымен қатар тестілеу уақыты 3 сағат 50 минуттан 4 сағатқа ұзартылды.
ҰБТ 2021: Тестілеу жүйесіне қандай өзгерістер мен жаңашылдықтар енгізілді?
Қаңтар айындағы ҰБТ қағаз форматында 20 қаңтар мен 5 ақпан аралығында өткізілді.
Биылғы ҰБТ-ның ең басты ерекшеліктері ол, біріншіден, міндетті және бейіндік пәндердің тапсырмаларының саны өзгергенінде. Қазір оқушылар Қазақстан тарихы және математикалық сауаттылық пәндері бойынша 15 балдан, оқу сауаттылығы бойынша 20 балл және бейіндік пәндердің әрқайсысынан 45 балдан жинай алады. Бірақ жалпы балл – 140 өзгеріссіз қалады. Екінші маңызды өзгеріс ол бейіндік пәндерге контекст негізіндегі тест тапсырмаларының қосылуы, - деп түсіндірді Дидар Смағұлов.Орталық директорының сөзінше, осы жылы келесі тестілеулерді электронды форматта өткізу жоспарланып отыр.
Айта кетейік, биыл ҰБТ-ға 4 сағат беріледі. Қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін білім беру бағдарламалары бойынша оқуға түсушілер үшін ҰБТ-ға 2 сағат беріледі.
Карантин vs ҰБТ
Карантинге байланысты ҰБТ санитарлық талаптарды сақтай отырып өткізіледі. Қаңтар айындағы ҰБТ ведомствоаралық комиссияның шешімімен 20 қаңтар мен 5 ақпан аралығында өткізілді.
ҰБТ санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып жүргізіледі: медициналық қызметкерлердің кезекшілігі ұйымдастырылады, тестіленушілер аудиторияларға әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып отырғызылып, қатаң маскалық режим, дезинфекциялық іс-шаралар жүргізілуде, баррикадалық ленталар, антисептикалық сұйықтықтар, дезинфекциялық кілемшелер қойылады, - деді Ұлттық тестілеу орталығы.
Сондай-ақ, тестілеуге қатысу үшін өтініштер онлайн-режимде қабылданды.
ҰБТ-ны неліктен жылына 4 рет тапсырады?
2019 жылдан бастап ҰБТ жоғары оқу орнына ақылы негізде түсу үшін жылына 4 рет, яғни қаңтар, наурыз, маусым, тамыз айларында өткізіледі.
Әр ҰБТ-ны тапсыру кезінде оқуға түсушіге түрлі бейіндік пәндер комбинациясын таңдау мүмкіндігі беріледі.
Білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін оқуға түсуші маусым айында өтетін ҰБТ-ны тапсыруы қажет.
Жылына 4 рет тапсыру – бұл ең біріншіден, жоғары білім алуға қол жетімділікті арттыру мақсатында енгізілген норма. Сонымен қатар тестіленуші бірнеше рет тестілеу тапсыру арқылы шамалас тестілеу мазмұндарымен танысу үшін және маусым айында өткізілетін негізгі ҰБТ-ға психологиялық жағынан дайындық ретінде енгізілген болатын, - дейді Ұлттық тестілеу орталығы.
Биыл қанша түлек ҰБТ тапсырады?
2021 жылғы қаңтар айындағы ҰБТ-ға 120 141 өтініш берілді. Ағымдағы жылғы тестілеуге осы шамада тестіленушілер қатысады деп жоспарлануда, - деді Дидар Смағұлов.
Қолданыстағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы № 204 бұйрығымен бекітілген «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу және «Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырғаны туралы сертификат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидаларының 4-тармағының 4) тармақшасына сәйкес шетелде білім алған, Қазақстан Республикасының азаматы болып табылмайтын, ұлты қазақ адамдар күнтізбелік жылғы 1 сәуір мен 5 мамыр аралығында ҰБТ-ға өтініш бере алады. ҰБТ күнтізбелік жылғы 20 маусым мен 5 шілде аралығында өткізіледі.
Осы жылы келесі тестілеулер электронды форматта өткізіледі деп жоспарланғандықтан ҰБТ-ға өтініш қабылдау мерзімі мен тестілеу тапсыру мерзімдері өзгеруі мүмкін.
Өзгерістер Орталықтың сайтында және әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланатын болады.
ҰБТ: Тест тапсырмаларының мазмұны жаңартылды
Ұлттық бірыңғай тестілеуге арналған тест тапсырмалары тест спецификациялары негізінде әзірленеді. Тест спецификациялары Қазақстан Республикасы Үкіметі бекіткен мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттары мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі бекіткен Жалпы білім беру ұйымдарына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша үлгілік оқу бағдарламаларына негізделеді.
Жоғарыда аталған құжаттарға өзгерістер енгізілуіне орай Ұлттық бірыңғай тестілеуге арналған тест тапсырмаларының мазмұны жаңартылды, - делінген орталықтың ресми жауабында.
Мамандық бойынша шекті балл көлемі
Қолданыстағы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 600 бұйрығымен бекітілген «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларының» 4-тармағына сәйкес республикалық бюджет немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоғары білімнің білім беру грантын беру конкурсына қатысу және ақылы оқуға қабылдау үшін қысқартылған оқыту мерзімдерін көздейтін жоғары білімі бар кадрларды даярлаудың ұқсас бағыттары бойынша түсушілерді қоспағанда, орта, техникалық және кәсіптік немесе орта білімнен кейінгі білімі бар, ҰБТ-дан өткен және оның нәтижесі бойынша:
- ұлттық Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарына (ЖЖОКБҰ) – кемінде 65 балл;
- «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – кемінде 70 балл;
- «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар», «Ветеринария» білім беру салалары бойынша – кемінде 60 балл;
- басқа ЖЖОКБҰ-ға – кемінде 50 балл;
- «Педагогикалық ғылымдар» білім беру саласы бойынша – кемінде 70 балл;
- «Денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» білім беру саласы бойынша – кемінде 65 балл жинаған адамдар жіберіледі.
Бұл ретте ҰБТ-ның әр пәні бойынша әр шығармашылық емтиханнан кемінде 5 балл алу қажет.
Республикалық бюджет немесе жергілікті бюджет қаражаты есебінен қысқартылған оқу мерзімін көздейтін жоғары білімі бар кадрларды даярлаудың ұқсас бағыттары бойынша оқуға арналған жоғары білімнің білім беру грантын беру конкурсына қатысу үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар, ҰБТ-дан өткен және оның нәтижелері бойынша кемінде 25 балл, оның ішінде ҰБТ-ның әрбір пәні және шығармашылық емтихан бойынша кемінде 5 балл жинаған адамдар жіберіледі, - дейді орталық.
Апелляция беру процесі қалай жүргізіледі?
Тестілеу өткізу кезінде қатысушылардың құқықтарын қорғау, тест тапсырмаларын бағалауда туындаған қарама-қайшылықтарды шешу және бірыңғай талаптардың орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Республикалық апелляциялық комиссия және ҰБТ өткізу пункттерінде жергілікті апелляциялық комиссия құрылып, жұмыс жасайды, - деп түсіндірді Смағұлов.
Апелляция өтініштері ҰБТ нәтижелері хабарланғаннан кейін келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін қабылданады және оны апелляциялық комиссия күнтізбелік бір күн ішінде қарастырады.
Түсуші тест тапсырмаларының мазмұны немесе техникалық себептер бойынша тестілеу нәтижесімен келіспеген жағдайда, арнайы нысан бойынша ҰБТ өткізу пункттеріндегі апелляциялық комиссия төрағасының атына өтініш береді. Түсушінің өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаты, тестілеуге рұқсаттамасы болуы керек. Апелляциялық комиссия түсушінің әрқайсысымен жеке жұмыс жасайды.
ҰБТ өткізу пунктіндегі апелляциялық комиссия апелляцияны қанағаттандыру жөнінде шешім қабылдаса, өтінішті Республикалық апелляциялық комиссияның қарастыруына жебереді. Республикалық апелляциялық комиссияның шешімі соңғы шешім болып табылады. Қабылданған шешім жөнінде өтініш берушіге хабар беріледі.
Тестілеу ғимаратына түлектер Face ID арқылы кіре ме?
2021 жылғы қаңтар айындағы ҰБТ-ға кіргізу кезінде түсушілердің жеке басы бетінің көлемдік-кеңістіктік формасының сканерленуі арқылы сәйкестендіру пайдаланылмайды. Түсушілер жеке басын куәландыратын құжатпен, жеке басын куәландыратын құжаты жоқ тұлғалар туу туралы куәлігімен және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 2 мамырдағы №204 бұйрығымен бекітілген «Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізу» және «Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырғаны туралы сертификат беру» мемлекеттік көрсетілетін қызмет қағидаларының 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша өзі білім алатын орта білім беру ұйымының анықтамасымен кіргізіледі, - делінген Ұлттық тестілеу орталығының ресми сауалға берген жауабында.
Ағымдағы жылғы келесі ҰБТ-да кіргізу түсушілердің жеке басы бетінің көлемдік-кеңістіктік формасының сканерленуі арқылы сәйкестендіру арқылы жүргізілетін болады.
«Шпаргалка» алып кіретін түлектерге кеңес
2021 жылғы қаңтар айындағы ҰБТ-да 5 күннің қорытындысы бойынша тестілеуге кіргізу барысында металл іздегішпен тексеру кезінде тыйым салынған заттар табылған 254 тестіленуші тестілеуге жіберілмеді және 176 тестіленуші тыйым салынған зат пайдаланғаны үшін аудиториядан шығарылды.
Тестілеуден шығарылғандардың басым көпшілігі телефон қолданғандар болды. Сол себепті тестіленушілерді тестілеуге тыйым салынған заттарсыз, смартфон, шпаргалкасыз келуге шақырамыз. Яғни, тестіленуші тестілеуде ешбір құралдың көмегіне жүгінбей, тек қана өз білімімен ҰБТ тапсыруға шақырамыз, - деді Дидар Смағұлов.
Сонымен қатар Тестілеу орталығы ҰБТ-ға қатысты барлық жаңалық Орталықтың әлеуметтік желі парақшалары мен ресми сайтында жарияланатынын, барлық ата-анаға, түлектерге, жаңалықтарды тек ресми парақшалардан танысқаны жөн екендігін айтты.