ҰБТ-2021: БҒМ түлектердің қандай қулықтарға барғанын айтты
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ОКҚ алаңында өткен брифингте БҒМ Ұлттық тестілеу орталығы директорының м.а. Наужан Дидарбекова биылғы ҰБТ кезінде түлектер қандай қулық әрекет жасағанын айтып берді.
Дидарбекованың сөзінше, ҰБТ барысында тест нәтижелерінде 20 және одан жоғары балл айырмашылығы бар тестіленушілердің бейнежазбалары тексеріледі. Одан бөлек, барлық тестіленушінің бейнежазбасы мұқият қаралады.
Ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде түлектер қандай қулықтарға барғанын айтып берді.
ҰБТ кезінде тестіленушілер бірнеше қулықтарға барды деп айтсақ болады. Оның ішінде жасырын камералар алып кіру, микроқұлаққаптар, шоколад қағазына қапталған смартфондар, үлкен өлшемді кроссовкаға ұлтарақ ретінде салынған смартфондар, маска шпаргалкалар. Осындай әрекеттерге жол берген тестіленушілер болды. Олар тиісінше тестілеуге жіберілген жоқ, - деп айтты ол.
ҰБТ-ға мүмкіндігі шектеулі 90 бала қатысты. Олар үшін жеке аудиториялар және көмекшілер ұсынылды.
Сонымен қатар 9 түлектің тестілеуге кіргізу кезінде дене қызуының бар екені анықталды. Олар өз денсаулығы жақсарғаннан кейін ҰБТ-ны басқа күні қайта тапсырды.
Одан бөлек, карантиндік шектеулерге байланысты барлық санитарлық-эпидемиологиялық талап сақталды. Оның ішінде ғимаратқа маска арқылы кіру, кемінде 2 метр қашықтықты сақтау, тестіленушілер дезинфекциялық іс-шаралардан өтті. Сондай-ақ әр тестіленушінің орны органикалық шынымен қоршалды, - деп түсіндірді ҰТО директоры Наужан Дидарбекова.