Бүгiн 2026, 11:49 Фото: Мәжілістің баспасөз қызметі

"Уайымға түсіріп, отбасынан ажырасуға дейін жеткізеді": Депутат психологтардың жұмысын сынға алды

Депутат кейбір психологтардың өзіне психолог керек деп санайды

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек Әділет министрлігінің өкіліне психологиялық көмекке жүгінген азаматтардың сотқа шағымдану құқығын заңға енгізу мәселесін көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Депутат Базарбектің айтуынша, қазіргі заманда кейбір психологтарға өздеріне психотерапевт немесе психиатр қажет.

Қазіргі заманда кейбір психологтардың өзіне психологы керек. Тіпті кейде әлеуметтік желілердегі психологтардың жазбаларын қарасаң, оларға психолог емес, психотерапевт немесе психиатр керек екенін көресің. Өкінішке қарай, ондай психологтар өздерінің курстарын өткізіп жатыр. Негізі психологтардың міндеті адамның психологиялық жағдайын жақсарту ғой. Алайда кейбір психологтардың іс-әрекетінің салдарынан адам керісінше құрдымға кетіп қалады. Уайымға түсіріп, отбасынан ажырасуға дейін жеткізеді. Осындай салдары болуы мүмкін, - деді депутат.

Базарбектің пікірінше, заң жобасы өте жақсы жазылған, бірақ психологиялық көмек алған азамат егер зардап шексе, оның моральдық және қаржылық шығынын өтеу құқығы болуы керек.

Қазіргі заң жобасының 16 және 19-бабында бұл құқық нақты көрсетілмеген. Сондықтан мен екінші оқылымға дейін осы мәселені енгізуді ұсынамын, – деді депутат Базарбек.

Ол сондай-ақ заң жобасында психологиялық көмек алушы азаматтың құқықтарын қорғау маңызды екенін атап өтті.

Сондай-ақ, Мәжіліс депутаты айтқандай, егер психологтың әрекеті адамның психологиялық жағдайына кері әсер етсе, оның тек реестрден алынып тасталуы жеткіліксіз. Қажет болса, азамат моральдық зиянды өтей алуы тиіс.

Әділет министрлігінің өкілі Лаура Қанатқызы депутаттың ұсынысына келісімін білдіріп, әрбір азамат моральдық зиян келтірілген жағдайда сотқа арыз беруге құқылы. Егер заңға тиісті өзгерістер енгізу қажет болса, біз дайынбыз және бұл мәселені бірлесіп қарастыруға дайынбыз, – деп жауап берді.

Еске салсақ, Қазақстанда жыл сайын 4 мыңға жуық психолог даярланады.