Уәде берген, нәтиже жоқ. Ақсулықтар теміржол арқылы өткел салуды сұрайды
Ертіс өңіріндегі Ақсу қаласының Черёмушки шағын ауданының тұрғындары күнбе күн теміржол үстімен өтуге мәжбүр, деп хабарлайды BAQ.KZ агенттігінің Павлодардағы тілшісі.
Өмірге қауіпті болғанмен, басқа амалдары жоқ.
Черёмушки шағын ауданының қақ ортасынан теміржол өтеді. Тұрғындардың үйлері бір жақта, ал мектеп, аурухана сияқты әлеуметтік мекемелер екінші жағында орналасқан. Бұл ғимараттарға жету үшін азаматтар тоқ кернеулігі жоғары желілер жақын орналасқан жолдармен өтуге мәжбүр. Осы аумақта жүк пойыздары бірнеше күн түгіл, айлап тұруы мүмкін.
Қазіргі уақытта шағын ауданның 500-ден астам тұрғыны бар. Тұрғындар бұған дейін талай мемлекеттік мекеменің табалдырығын тоздырған, алайда, мәселе сол күйі шешімін таппаған.
Біз күнде заң талаптарын бұзуға мәжбүрміз. Оны түсінеміз. Бірақ, басқа амал жоқ. Күнде дүкен, мектеп, аурухана, поштаға бару керек қой. Проблеманы 2000 жылдан бері көтеріп келеміз. Былтыр шенеуніктер шешуге уәде берген еді, алайда, нәтиже жоқ. Балаларымыз вагондардың астымен өтіп жүр. Көпір өткел ауадай қажет бізге, - дейді тұрғындар.
Заңбұзушылықтардың көбейіп кеткенін желілік полиция қызметкерлері де жасырмайды.
Тұрғындар рұқсат етілмеген жерлерден өте береді. Бұл әрекет үшін 3 АЕК көлемінде әкімшілік шара қарастырылған. Оқиға бірінші рет тіркелгенде ескерту жасалады. Бірақ, азаматтар шағын ауданның екінші жағына жету үшін теміржол арқылы жолды қысқартады. Тұрғындар көпірдің болмауы салдарынан, заң талаптарын бұзуға мәжбүр. Бізге солай түсіндіреді. Бірақ, заң бұзу өмір үшін қауіпті екенін ескермейді. Бір күнде 5-6 адамды байқап қалуымыз мүмкін, - дейді Павлодар станциясындағы желілік бөлімі әкімшілік полицияның бастығы Ернар Маманов.
Бұл мәселе халық қалаулыларының назарынан да түспеген. Бірақ, теміржол арқылы өткел салу өте қымбат. Есеп бойынша жобаны жүзеге асыруға 1 млрд теңгеден астам қаражат қажет. Теміржол қозғалысына жауаптылар бұл соманы көтеруге қауқарсыз. Сондықтан, бұл жауапкершілік жергілікті билік мекемелеріне жүктеліп отыр. Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсембиновтің айтуынша, өткен жылы тұрғындардың өтінішімен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаржы бөлінген. Құжатты әзірлеуге мемлекеттен 9 млн теңге жұмсалған.
Мердігер ұйым анықталды. Ақтөбелік фирма тапсырысымызды орындады. Қазіргі уақытта жоба әзірленді және мемлекеттік сараптамаға тапсырылды. Болжамды бағасы 1 млрд 700 млн теңге. Сараптама нәтижесі мамыр айында белгілі болуы керек. Оң шешім қабылданған соң қаржыландыру бойынша бюджеттік өтініш жасалады. Республикалық бюджеттен қаражат сұралады. Бюджетті бөлу жағы келесі жылы қарастырылады деп ойлаймыз, - дейді Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсембинов.
Мамандардың пайымдауынша, бюджеттік процедуралар бір жыл уақытты алуы мүмкін. Оған қоса, жоба қайта қарастыруға қайтарылуы әбден мүмкін.