Қуғын-сүргін құрбандарының есімі қайта зерделеуді қажет етеді – профессор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Осыған дейін саяси қуғын-сүргін 1930 жылдардан бастау алды деген түсінік болды. Себебі, 1937-1938 жылдары үлкен террор жылдары болды деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Айжан Қапаева. 

Бұрындары репрессияны 3 кезеңге бөлетін. 30-жылдары кеңес одағына қарсы адамдар, 37-38 жылдары кеңес одағын құруға көмектескен адамдар, оның ішіндегі коммунистер арасында қазақтар да болды. 1940-50 жылдары Бекмаханов, Әуезов пен Сәтбаев бар ғылыми интеллигенция қуғынға түсті, – деді Айжан Қапаева. 

Тарихшының айтуынша, президент зерттеуді 1920 жылдан бастау керек дейді. 
Шын мәнінде, 20-жылдары бай, кулактарға қарсы жарлықтар өте көп болды. Біз бұл адамдардың санатын осы күнге дейін оңалтуға жатқызған емеспіз. Оның ішінде танымал адамдар да бар. Тәуелсіздік алғаннан кейін "Алаш" партиясының мүшелерін ақтаумен айналыстық. Алайда, біз партияға қаржылай көмекті байлар көмектескенін естен шығарамыз. Сол кезеңде дәулеті бар адамдар газет шығаруды қолдаған. Олардың қатарында Әбдірахман Жүсіпұлы, Александр Ерақынов деген қазақ болды. Хасен Ақайұлын да бұл санатқа жатқызуға болады. Олар өз еңбектерімен дәулет жинап, байыған адамдар, – деді Айжан Қапаева.

Профессор атағандай, кеңес билігі олармен күресті 30-жылдары бастаған. 
Олар байларды қарапайым халықтың жауы ретінде насихаттай бастады. Кеңес билігі дәулетті адамдарға қатысты барынша теріс көзқарас қалыптастыру үшін жұмыс істеді. 1928 жылы ірі байлар мен мал өндірісімен айналысатын адамдардың жері мен мүлкін тартып алу туралы жарлық шығарды. Олар отбасылармен бірге жер аударылды. Бұл жарлықты 3 айдың ішінде жүзеге асыру керек болды. Тұрмысы жақсы адамдар концлагерьлерге қамалып, жер аударалып, ату жазасына кесілді. Көп бай 59-бап - саяси бап бойынша тұтқындалды, – дейді ол.

Тарихшы олардың қатарында болған Хасен Ақаев кейін ақталғанын жеткізді. 

Жазықсыз кеткен көп тұлғалардың аты аталмайды, олар белгісіз. Тарихшылардың көбі олардың аты-жөндерін де білмейді. Сондықтан да, олар тарих беттерінде жоқ. Бұл - үлкен проблема. Жер аударылған тұлғаларға қатысты да көптеген түсініспеушілік бар. Себебі, жер аудару ұлтқа емес, тұратын жеріне қатысты жүзеге асырылғандықтан, әртүрлі этнос өкілдері жер аударылып кетті. Алдымен жер аударылғаннан кейін олардың құжаты дайындалды. Сол үшін де көптеген келіспейтін тұсы көп. 

Айжан Қапаева тәуелсіздіктен кейін "Алаш" партиясы ақталса да, белгісіздіктің көлеңкесінде қалғандар көп дейді.
Партия құрамында танымал емес тұлғалар да болды. Мәселен, Бақытқали Бейсенов Императорлық медицина университетін тәмамдаған тұңғыш дәрігер. Ол "Алаш" партиясына өзіндік үлесін қосты. Білікті дәрігер болған. Қызыл кірпіштен аурухана салып беріп, сол кезде өршіп тұрған эпидемиялармен күресуге ықпалын тигізді.Ол да репрессияға ұшырады. Бірақ, ол туралы аз білеміз. "Алаш" партиясын айтқанда ең белгілі 10-15 тұлғаны ғана айтамыз. Алайда, партияның батыс өңірінде болған мүшелерді ұмытып кетеміз. Олардың есімдері де оқулықтарда жазылып, келер ұрпаққа есімдері таныс болуы керек, – деді тарихшы. 

Айжан Қапаева атап өткендей, қазір көптеген құжатқа жол ашылды.
30 жыл ішінде жаңа архивтер мен құжаттар ашылды. Мәскеуде де зерттеуге қатысты бірқатар құжат қазір ашық қолданыста. Оларды зерттеп, зерделеп, жаңа әдістемемен қайта енгізу қажет. Комиссия құрамына репрессияларды зерттеген ғылыми құрам еніп, жаңа құжаттар мен дереккөздер негізінде жұмыс істеулері керек, – деп түйіндеді ол.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы