Қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу халықаралық имидж үшін де қажет – Меңдіқұлова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Саяси-қуғын сүргін құрбандарын еске алу күніне қарсы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қуғын-сүргін құрбандарын ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құруды тапсырды. 

Себебі бұл мәселенің өзектілігі әлі күнге дейін жойылған жоқ. Ақталғандардың тізіміне қосылмай қалған тұлғалар да бар, деді тарих ғылымдарының докторы, профессор Гүлнар Меңдіқұлова.

Тәуелсіздік кезеңінде ұлттық тарих қайта қаралып, Манаш Қозыбаевтың бастамасымен құрылған комиссия жұмыс істеді. Оның қорытындысы 1993 жылдың 14 сәуіріндегі "Жаппай саяси қуғын-сүргiн құрбандарын ақтау туралы" заңының негізіне алынды. Алайда, барлық қорытындылар 1993 жылғы заңнан көрініс тапқан жоқ. Сондықтан да, 1930-1950 жылдардағы саяси репрессия құрбандарын ақтау жұмыстарын жалғастыру бойынша тарихи және патриоттық қажеттілік туындады, - дейді профессор. 
Тарихшы Қазақстанда назардан тыс қалған 17 санаттың  бірі – әскери тұтқындар санатына тоқталды.

Заңды ақтап алуға 1939-1945 жылдары Финляндия мен фашистік Германия, өзге еуропалық елдерде тұтқында болған әскери тұтқындар жатады. Әскери тұтқындар саясат пен соғыстың құрбанына айналып, концлагерлердің барлық қиындығы мен сынақтарына көнді. Мүмкіндік туа қалса, олар кеңес әскері мен кеңестік қолдың тарапына өтуге тырысты. Олар Қазақсан мен оның халқын сатқан емес, - деді ол. 
Оның айтуынша, Ресей федерациясында президенттің жарлығымен әскери тұтқындар саяси репрессиялардың құрбандары ретінде 1995 жылы ақталған.
Қазақстандықтар әлі күнге дейін соғыста із-түзсіз кеткен туыстарын іздеп жүр. Мен күнде адамдардан өздерінің жақындарын тауып беру өтініші жазылған хабарламаларды аламын. Бұл 75 жыл өтсе де, қазақстандық қоғам үшін аталған мәселенің өзекті екенін көрсетеді. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын зерттеу бойынша Ұлттық деңгейдегі мамандандырылған институт құрылса деген ниет бар. Бұл тек қазақстандықтардың игілігі үшін ғана емес, елдің халықаралық имиджі үшін де қажет, - деп түйіндеді тарихшы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы