ТЖМ жедел тобы Шығыс Қазақстан облысына барды
Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Алексей Советов Қазақстан ТЖМ жедел тобымен бірге Шығыс Қазақстан облысына барды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жұмыс сапары барысында ол ТЖ департаментінде жиын өткізіп, өңірдегі бүгінгі жағдаймен танысты. Азаматтық қорғау қызметтерінің су тасқыны кезеңіне дайындығы, су тасқыны жағдайын болжауға, су тасқынының алдын алуға бағытталған шараларға, жағдай нашарлаған кезде күштер мен құралдар тобын уақтылы дайындауға ерекше көңіл бөлуге қатысты бірқатар тапсырма берді.
Сонымен қатар делегация ТЖД басшылығымен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп 2 қала мен 11 ауданның су басу қаупі бар аймақтарында орналасқан елді мекендерді аралады.
2024 жылғы су тасқыны кезеңінің соңында жергілікті атқарушы органдар ТЖД-мен бірлесіп су тасқыны қаупі бар елді мекендер мен аудандардың тізбесін түзетіп, нақтылады. Облыста су басу қаупі бар 72 елді мекен анықталды, оның 15-інде су басу қаупі жойылды, 49-ында барынша азайтылды.
Өткен жылы су тасқынына қарсы 107 іс-шара жүргізілді. Жағалауды қорғау бөгеттерін салуға ерекше көңіл бөлінді. Инженерлік жұмыс жоспарына сәйкес облыста су тасқынына қарсы 55-тен астам іс-шара жүзеге асырылды, 64 км жағалауды бекіту, 36 км бөгендерді, үйінділерді, біліктерді жөндеу және салу, 19 км өзен арналарын тазарту жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 58 км арықтар мен каналдар салынды, 3 көпір жөнделді, 45 су өткізгіш құбыр мен құрылыс ауыстырылды, 283 км арықтар мен каналдар тазартылды. Бұл шаралардың барлығы су тасқынынан сенімді қорғануға бағытталған.
Төтенше жағдайды күтпей, барлық профилактикалық шараларды жүргізе отырып, оның алдын алу және елді мекендерді қорғау маңызды, - деп Алексей Советов атап өтті.
Жұмыс сапарының соңында ол облыстың елді мекендерін ықтимал су тасқынынан қорғау мақсатында алдын алу шараларын жүзеге асыру бойынша бірқатар тапсырма берді.