Бүгiн 2026, 02:22 Фото: pexels.com

ТЖМ терек мамығынан туындайтын өрт қаупі туралы ескертті

Мамандардың сөзінше, терек мамығы бірнеше секунд ішінде өртке ұласуы мүмкін.      

Төтеншеліктер терек мамығының өрт қаупін арттыратынын еске салып, азаматтарды сақ болуға шақырып отыр.

Жаздың басталуымен аулаларда, тротуарларда және ғимараттардың жанында жиналатын терек мамығынан өрт қаупі күрт артады. Ол тез тұтанғыш, тіпті кездейсоқ лақтырған сіріңке немесе темекі тұқылдары өртке әкелуі мүмкін, – деп жазылған ведомство хабарламасында.

Министрлік мамықты өртеу ерекше қауіп төндіретінін атап өтті. Әсіресе балалар оны ойын ретінде қабылдап, салдарынан өрттің тез таралу қаупі жоғарылайды. Мұндай жағдайларда тілсіз жау көліктерге, ғимараттарға және тұрғын үйлерге ауысуы мүмкін.

Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері біреудің терек мамығын өртеп жатқанын көрген жағдайда оны назардан тыс қалдырмауға шақырды.

Сондай-ақ ата-аналарға балаларға отпен ойнаудың қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін түсіндіру ұсынылды.

Ведомство тұрғындарға жиналған мамықты уақытылы тазалап, үстіне су себуге, бірақ өртемеуге кеңес берді. Сонымен қатар құрғақ жерлер мен мамықтың маңында темекі шекпеу және от жақпау қажеттігі ескертілді.