ТЖМ судағы өлімнің басты себебін атады

Елімізде 1 маусымнан бастап елімізде шомылу кезеңі басталады. ТЖМ судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін атқарылып жатқан жұмыстары туралы айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің төрағасы Бауыржан Сыздықов мәлімдеді.

1 маусымнан бастап елімізде шомылу кезеңі басталады. Су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі Орталық мемлекеттік органдармен және жергілікті әкімдіктермен бірлесіп кешенді дайындық және алдын алу жұмыстарын ұйымдастырып жатыр. Тиісті бұйрыққа қол қойылып, нақты тапсырмалар берілді, - деп айтты ол.

Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесі бүгін республика деңгейіндегі төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның отырысында қаралады.

Судағы өлімнің басты себептерінің бірі - халықтың, әсіресе балалардың судағы қауіпті жете түсінбеуі. Біздер – ересектер, су - адам баласы үшін өмір сүретін табиғи орта еместігін естен шығармауымыз және ол туралы балаларымызға түсіндіруіміз керек. Айтылғанды ескере отырып, Төтенше жағдайлар министрлігі құзырлы мекемелермен бірлесіп жыл бойы алдын алу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жыл басынан бері ауқымды алдын алу және ақпараттық-ағарту науқаны өткізілді, - деп айтты Бауыржан Сыздықов брифингте.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы