ТЖМ құтқарушылары елордада және оған іргелес елді мекендерде рейд өткізді
Елорда мен Ақмола облысының құтқарушылары Астана қаласы және оған іргелес орналасқан аудандарда жеке сектордағы үйлерді аралап шықты деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ондағы мақсат - өрттердің алдын алу, жеке секторда тілсіз жаудан болатын адам өлімін азайту және мүдделі органдармен өзара іс-қимыл тетігін пысықтау. Оның ішінде пешпен жылытылатын тұрғын үйлерге ерекше назар аударылды.
Елорданың тұрғын секторында және оған іргелес орналасқан елді мекендерде өрт жағдайын тұрақтандыру мақсатында «Біз қауіпсіздік үшін» атты жаппай профилактикалық рейдтер өткізілуде. Жеке үйлер жылу және электр аспаптарын пайдалану ережелерін сақтамау салдарынан жоғары қауіпті аймақ болып қала береді, - деді ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Төрегелдиев.
Жылыту кезеңі басталғаннан бері елімізде 913 өрт тіркелді, салдарынан 41 адам қаза тауып, 28-і түрлі жарақат алған. Сондықтан мұндай профилактикалық шараларды өткізу аса қажет.
Құтқарушылар волонтерлермен бірлесіп үйлерді аралап, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Азаматтарға мынадай негізі қағидалар түсіндірілді:
* жылыту құрылғыларын дұрыс пайдалану ;
* ақаусыз электр сымдарының маңыздылығы;
* өрт сөндіру құралдарының болуы;
* өрт болған жағдайда қалай әрекет ету керек дегендей негізгі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді.
Рейд барысында әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың шаңырақтарына апат кезінде белгі беретін арнайы құрылғылар орнатылып берілді.
Құтқарушылар өрт қаупін азайту және адамдардың өмірін сақтап қалу үшін қауіпсіздік мәдениетін арттыру қажет екеніне ерекше назар аударып отыр.