ТЖМ құтқару авиациясы алғаш рет теңізде жаттығу өткізді
Еліміздің ТЖМ құтқару авиациясының ұшу құрамы үнемі қайта оқытудан, сынақтардан өтіп, біліктіліктерін арттырып отырады, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Қазавиақұтқарудың ұшу құрамы өрттерді сөндіреді, адамдарды апаттар мен зілзала орындарынан эвакуациялайды, науқастарды медициналық орталықтарға тасымалдайды, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға көмектеседі. Бұл туралы Egemen.kz жазды.
Осы жолы Каспий теңізінің акваториясында суда зардап шеккен адамдарды іздеу және құтқару бойынша жаттығу өтті. Бұл жұмыстарға алғаш рет ұшу құрамын дайындау мақсатында ТЖМ құтқару авиациясы жұмылдырылды.
Мамандар шартты түрде зардап шеккен адамдарды әуе кемесіне көтеруге машықтанды. Ұшқыштар тікұшақты әуеге көтеріп, зардап шеккен адамдарды әуе кемесіне көтеру жұмыстарын жүргізді. Осы жұмыстарды атқару кезінде оларға бірнеше ондаған метр биіктікте тікұшақты ұстап тұру қажет болды.
Жаттығуға Қазаваиақұтқару ұшу құрамы, Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, Маңғыстау облысы ТЖД жеке құрамы қатысты.
Ұшу құрамын дайындау жұмыстары барысында құтқару жұмыстарының күрделі және маңызды элементтері пысықталды, атап айтқанда:
- зардап шеккен адамды су бетінен құтқару және эвакуациялау, эвакуацияланған тікұшақтың тарту құрылғысын қолдана отырып, бортқа көтеру;
- зардап шеккен адамды жағалаудағы жетуі қиын жерлерден құтқару және эвакуациялау;
- жедел-құтқару жасағының құтқарушыларымен ұшу экипажының жүйелі іс-қимылдары.
Жаттығу жоспарына сәйкес теңіз акваториінде болған авария туралы ақпарат келіп түсті. Зардап шеккен адамдар жағалау мен теңізден табылды. Ол жерге эвакуациялау жұмыстарын жүргізуге техниканың өту мүмкіндігі болмағандықтан, құтқару авиациясын жұмылдыру қажет болды.
Жаттығу жақсы дайындықты көрсетті және адамдарды құтқару ісінде оң нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік береді.