ТЖМ: Қазақстанда өрт қаупі күшейіп тұр

Қазақстанда өрт қаупі күшейіп тұр. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Өрт қауіпті кезең басталғалы бері елімізде жалпы 27 мың гектар аумақта 261 орман өрті тіркелді. Бұдан бөлек, 14,5 мың гектар жерді қамтыған 16 дала өрті мен 1357 жану оқиғасы орын алды, - деп атап өтті комитет басшысы.

Айтуынша, жаз мезгілінде табиғаттағы өрт қаупі айтарлықтай артады. Қазіргі таңда елдің бірқатар өңірінде жағдай алаңдатарлық.

Өрт қаупі жоғары кезеңде елді мекендерде, орман алқаптарында және егіс алқаптары маңында от жағуға қатаң тыйым салынады. Азаматтардан сіріңке мен темекіні сөндірмей тастамауды, шыны қалдықтарын далаға тастамауды сұраймыз. Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар және олардың отпен ойнауына жол бермеңіздер. Егер өрттің куәсі болсаңыз, шұғыл түрде 101 немесе 112 нөміріне хабарласу қажет,- деді Ерлан Төрегелдиев.

ТЖМ мамандары өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтау – әр азаматтың ортақ міндеті екенін ескертеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Арман Мухатов - архив
Өзгелердің жаңалығы