ТЖМ-ның 28 құтқарушысы мемлекеттік наградалармен марапатталды

Төтенше жағдайлар министрлігінде ұлттық мереке Республика күнін мерекелеуге арналған салтанатты жиналыс өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ТЖ министрі генерал-майор Шыңғыс Әрінов құттықтау сөз сөйледі. Өз сөзінде Министр бұл күн ұлттық мереке мәртебесіне ие маңызды мерекелердің бірі екенін, тәуелсіздік алғалы бері еліміз үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті. Қазіргі таңда болашаққа – әділетті Қазақстанға нақты қадам жасап, халқымыздың экономикасы мен әлеуметтік әл-ауқатын дамытуға бағытталған бірқатар реформалар жүргізілуде.

«Республиканың қарқынды дамуы мен қалыптасуына біздің Министрлік те елеулі үлес қосуда. Қажырлы еңбек пен туған жерге деген сүйіспеншіліктің арқасында алға қойған мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыратынымызға сенемін. Бүгін ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде көрсеткен ерліктері мен батырлықтары үшін 28 қызметкеріміз мемлекеттік наградаларға ие болды. Бұл көрсеткішті қызметімізге қойылған Мемлекет басшысының жоғары бағасы деп санаймын», - деп ведомство басшысы атап өтті.

Республика күніне орай Президент Жарлығымен батырлық ерлігі және мінсіз қызметі үшін:

Жамбыл облысы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі Өрт сөндіру кезекші қызметінің жедел кезекшісі Райымбеков Ертай Құрманбекұлы Бауыржана Момышулы  атындағы II дәрежелі «Айбын» орденімен, Қарағанды облысы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 18 өрт сөндіру бөлімінің жүргізуші-қызметкерлері Болатов Жеңіс Болатұлы және Нұрхат Базарұлы Нүсіпов, осы өрт сөндіру бөлімінің командирі Кінәр Серікбол Қайратұлы, Астана қаласы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 5 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы Есдаулетов Нұрдәулет Есдаулетұлы, Атырау облысы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі № 1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Құрманиязов Азамат Бисембайұлы, Алматы қаласы ТЖД өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі Күштер мен құралдарды жедел басқару орталығының инженері Мухпул Ильяр Бахтиярұлы Рақымжан Қошқарбаев атындағы III дәрежелі «Айбын» орденімен наградталды.

ТЖМ Апаттар медицинасы орталығының басшысы-дәрігер Әріпбаев Сәкен Тасқұлұлы «Құрмет» орденімен наградталды.

Шымкент қ., Ақмола, Ақтөбе, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ұлытау облыстарының 20 құтқарушысы «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік ерлігі үшін» медальдарымен наградталды.

Құтқарушылар Ертай Райымбеков, Жеңіс Болатов, Нұрхат Нүсіпов, Серікбол Кінәр ірі және күрделі өрттерді сөндіруге, сондай-ақ түрлі төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, қысқы кезеңдегі авариялық-құтқару және іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысқанын атап өткен жөн. Өз өңірлерінде де, су тасқыны орын алған солтүстік өңірлерде де ТЖМ тобы құрамында су тасқыны салдарын жоюға белсене қатысты. Адамдар мен жануарларды эвакуациялау және құтқару, елді мекендерді су тасқынынан қорғау, қорғаныс бөгеттерін салу, еріген қар суын айдау бойынша жедел шұғыл жұмыстар жүргізілді.

Өрт сөндіруші-құтқарушы Нұрдаулет Есдаулетов ағымдағы жылдың сәуір айында Астана қаласындағы көпқабатты тұрғын үйлерде болған екі өрт кезінде  отқа оранған  пәтерлерден 4 адамды, оның ішінде бір баланы тауып, құтқарды. Бөлімше командирі Азамат Құрманиязов ағымдағы жылдың маусым айында Атырау қаласындағы көпқабатты тұрғын үйде орын алған өрт кезінде құлыптаулы пәтерден 8 айлық баланы құтқарды. КҚЖБО инженері Мухпул Ильяр Алматы қаласының бір қабатты техникалық қызмет көрсету станциясы ғимаратында орын алған өрт кезінде ашық от, қою түтін, жоғары температура, нөлдік көріну жағдайында команда алып,  жағдайды бағалап, барлау тобын басқарып, өз өмірін қауіпке тігіп, ғимарат ішінде қалған сервис  қызметкерін іздеу-құтқару жұмысына кірісті. Зардап шеккен адамды есінен танған күйінде тауып алып, оған уақтылы шұғыл көмек көрсетті, жүрек-өкпе реанимациясын жасады. Кейін зардап шеккен адам жедел медициналық жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды. Наградталған құтқарушылар жалын мен түтін арасында қалған адамдарды уақтылы эвакуациялап, оларды өлім ауызынан құтқарды.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы