ТЖМ газбен жүретін көлік иелеріне ескерту жасады
Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары Марғұлан Аманбаев газ баллонын аса сақтықпен қолдану керегін айтып, ел тұрғындарына ескерту жасады, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Жылыту кезеңіндегі келесі проблемалық мәселе – тұрмыстық газды пайдалану. Тек бір пәтердің өзінде газ баллонды дұрыс пайдаланбаса немесе сақтаса, ол бүкіл подъезд тұрғындарының қаза болу қаупіне әкеледі. Деректерге сәйкес жыл сайын ел бойынша табиғи және сұйытылған газбен уланудан 20-ға жуық адам қаза болады. Ал газ баллон қондырғыларының жарылыстары адамдардың жаппай қаза болуына әкеледі, - деді спикер орталық коммуникация қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Ол азаматтардың ескірген немесе мерзімі өткен баллондарды пайдалануынан жағдай күрделене түскенін айтады.
Тұтынушылардың көпшілігі өз баллондарын жақын маңдағы жанармай құю станцияларында толтырады. Алайда, халықтың назарын мынаған аударғым келеді, заң бойынша жанармай құю станцияларында тұрмыстық баллондарды толтыруға тыйым салынады. Бұл газбен жабдықтау жүйелері объектілерінің қауіпсіздігі жөніндегі талаптарын бұзу (ІІМ 09.10.2017ж. №673 бұйрығы), - деді комитет төрағасы.
Аманбаев елімізде соңғы жылдары газ баллон жабдығымен жұмыс істейтін автокөліктердің саны едәуір өскенін атап өтті.
Табиғи газ ең арзан отынның бірі болғандықтан, автокөлік жүргізушілері үшін оны пайдалану тиімді. Осыған орай, адам өлімі мен материалдық шығынға әкеп соқтыратын түрлі төтенше жағдайлардың қауіптілігі бірнеше есе артты. Жабық автотұрақтарда және сауда орындарындағы паркингтерде газ баллон жабдығымен жабдықталған автомобильдердің өртенуі әсіресе қауіпті, - деді спикер.