ТЖМ. Елімізде су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасып жатыр

Қазақстанда қалыптасқан су тасқыны жағдайы туралы жедел ақпаратты ТЖМ таратты, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Елімізде су тасқынына қарсы жұмыстар жалғасуда.

Өткен тәулікте ТЖМ және әкімдіктердің күшімен шамамен 60 мың текше метр еріген су сорылды, үш мыңнан астам қап төселді.

Авариялық-құтқару жұмыстарына ТЖМ, жергілікті атқарушы органдардың, ІІМ, тартылған ұйымдардың күштері мен құралдары: жеке құрамынан шамамен 2500 адам, 700-ге жуық бірлік техника, 290-нан астам бірлік су айдау және жүзу құралдары жұмылдырылды.

Астана қаласы, Маңғыстау, Қызылорда облыстары ТЖД және 52859, 20982 әскери бөлімдерінен келген күштер мен құралдар Ақтөбе, Қостанай және Ақмола облыстарында су тасқынына қарсы жұмыстарға кірісті.

Су басқан тұрғын үйлерден 94 адам, оның ішінде Ақтөбе облысында 83 адам және Қостанай облысында 11 адам алдын ала эвакуацияланды, олар туыстарына және жақын маңдағы қауіпсіз елді мекендерге орналастырылды.

Қазіргі уақытта Қостанай облысы Екінді, Қызыл Жұлдыз ауылдарының тұрғындарын эвакуациялау жүргізілуде.

Жұмылдырылған күштер мен құралдар Ақтөбе, Ақмола, Қостанай облыстарындағы 24 жеке тұрғын үйден, сондай-ақ Ақтөбе, Абай, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарындағы 38 аула аумағынан, 10 жертөле үй-жайы мен уақытша тұруға арналған құрылыстан, бір саяжай үйден су сору жұмыстары жүргізуде.

Бұдан басқа Абай, Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында еріген суды сору, қаптарды төсеу жұмыстары жүргізілуде.

«Жедел желі» телефондары жұмысын жалғастыруда: ТЖМ 8 717 2 70 41 14, Ақтөбе облысы ТЖД 8 713 2 54 86 57, Батыс Қазақстан облысы ТЖД 8 711 2 55 40 88, Қостанай облысы ТЖД 8 714 2 50 19 60, Ақмола облысы ТЖД 8 716 2 52 55 14. Өткен тәулікте 64 қоңырау түсті.

Астана, Ақтөбе, Абай, Алматы, Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Қарағанды, Ұлытау және Павлодар облыстарында республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істейді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы