ТЖМ: Биыл өрттен 200-ден астам адам қаза болды
Елімізде биыл өрттен 200-ден астам адам көз жұмған, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Бұл туралы Үкімет отырысында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов мәлімдеді.
Айтуынша, жыл сайын жылыту кезеңінің басталуымен өрт саны өсе бастайды.
Жалпы, тұрғын үй секторында олардың саны жыл басынан бері 4 мыңнан асты. 203 адам қаза тапты, 193 адам күйік шалып, уланды. Өрт кезінде қаза тапқандар санының артуы Шымкент қаласында, Жамбыл, Ақтөбе, және Қарағанды облыстарында байқалып отыр.
Осыған байланысты, біз халықты өрттен қорғау деңгейін арттыру және шығынды азайту мақсатында жүйелі түрде профилактикалық рейдтер, акциялар, науқандар және халықпен жиындар өткіземіз, - деп атап өтті ведомство басшысы.
Сонымен қатар ол өрт басталған соң қанша уақыттан соң адам өміріне қауіп төнетініне тоқталды.
Зерттеулер көрсеткендей, өрт басталған уақытынан 5-6 минуттан кейін өрттің ішінде қалып қойған адам өліп кетеді. Сол себепті, өрт туындаған кезде азаматтарға көмек көрсету уақытын қысқарту үшін, кезекші-диспетчерлік қызметтердің жұмыс орындарын автоматтандыру қарастырылып жатыр. Бүгінгі таңда, құтқарушыларда өртте мүмкіндігі шектеулі азаматтар туралы ақпарат автоматты түрде болу үшін, 95 мың адамның тұратын жері туралы деректер енгізілді, - деді Сырым Шәріпханов.