ТЖМ басшысы Каспий жағалауында жаңа өрт сөндіру-құтқару бөлімін ашты

Ақтауда жаңа әмбебап өрт сөндіру-құтқару бөлімшесі ашылды. Салтанатты шараға ҚР Төтенше жағдайлар министрі, генерал-лейтенант Шыңғыс Әрінов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай және азаматтық қорғау органдарының ардагерлері қатысты, деп хабарлайды BAQ.KZ ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Министрдің айтуынша, нысан заманауи стандарттарға сай салынып, мұндай деполар еліміздің түрлі өңірлерінде бой көтеріп жатыр.

Біз заманауи тәсілдерді қолданамыз. Бұл жаңа депо небәрі 2,5 айда салынды. Биыл Маңғыстау облысында тағы бір депо мен жеті өрт сөндіру бекетінің құрылысын аяқтаймыз, - деді Шыңғыс Әрінов.

Іс-шарада министр өрт-құтқару техникаларының кілттерін табыстап, бөлім бастығына нысанның пайдалануға берілгенін білдіретін символикалық кілтті тапсырды.

Жаңа депо жергілікті атқарушы органдар қаражаты есебінен салынған. Ғимаратта жеке құрамға арналған үй-жайлар, оқу сыныптары, асхана, жабдық сақтау бөлмелері және техникаға арналған бокс қарастырылған. Сонымен бірге «Batyr team» спорттық workout алаңы да бар.

Бөлімше Ақтаудың төменгі аудандары, Приморский шағын ауданы, Өмірзақ ауылы, сондай-ақ өнеркәсіптік аймақтар мен Каспий жағалауындағы аумақтарға қызмет көрсететін болады. Мұнда өрт сөндірушілермен қатар құтқарушылар да жұмыс істейді, бұл кез келген төтенше жағдайға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: ТЖМ баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы