ТЖМ: Азаматтық қорғау қызметтері 99 мыңнан астам адамды эвакуациялады
ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихатында су тасқыны жағдайы туралы соңғы мәліметтермен бөлісті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Айтуынша, өзендер мен су қоймаларындағы су тасқыны жағдайына мониторинг, сондай-ақ кейбір өңірлерде өзендерде мұз жару жұмыстары жүргізілуде.
Осы сағатта азаматтық қорғау қызметтері 99 127 адам, оның ішінде 36 365 баланы құтқарды және эвакуациялады. Қазіргі уақытта уақытша орналастыру пункттерінде 6 516адам, оның ішінде 3 167 бала орналастырылған. «Жедел желі» телефонына 1 348 қоңырау түсті, психологтар зардап шеккен адамдарға писхологиялық көмек көрсетуде. Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарында 3 513 жеке тұрғын үй, 489 аула аумағы су астында қалуда. 2 983 тұрғын үй мен 1 868 аула аумағынан су бұрылды, - деп атап өтті ведомство өкілі.
Сонымен қатар ол ТЖМ және жергілікті атқарушы органдардың күштерімен 8,9 млн жуық текше метр еріген қар суы сорылғанын алға тартты.
1,6 млн қапшық және 1,2 млн тонна инертті материал төселді. Су жүрген 110 автожол, су шайған 116 автожол, оның ішінде 9 көпір және 107 жол төсемі бақылауда. 67 елді мекен көлік қатынасынсыз қалды, онда жергілікті атқарушы органдар халықпен байланыс орнатып, қажетті азық-түлік және дәрі-дәрмек қорларын жасады, - деді Ерасыл Сайпаш.