ТЖМ 8 мыңнан астам улы газ датчигін орнатты

Жылыту маусымы басталғалы бері улы газбен уланудан адамдардың өлімі мен жарақаттану фактілері тіркелді, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің мәліметіне сүйенсек, оқиғалар пеш жабдықтарын орнату және пайдалану кезінде өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуына байланысты болған.

Улы газ көрінбейді және сезілмейді, сондықтан оның бөлмеде болуын анықтау қиын.

Жылыту кезеңіне дайындық аясында 15 тамыздан 15 қазанға дейінгі аралықта елімізде пештерді орнату талаптарын халыққа түсіндіру бойынша өрт қауіпсіздігі акциясы өткізілуде.

Бүгінгі күні профилактикалық жұмыстармен 320 мыңнан астам үй қамтылды, оның барысында 850 мыңнан астам адамға нұсқау берілді.

Жылыту маусымына дайындық аясында ТЖМ бөлімшелері жергілікті атқарушы органдармен және еріктілермен бірлесіп, халықтың әлеуметтік осал топтарының үйлерінде 8 мыңнан астам улы, табиғи газ және түтін датчиктерін орнатты. Бұл бағыттағы іс-шаралар жылыту кезеңі бойы өткізілетін болады, - деп атап өтті министрліктен.

Өткен жылыту кезеңінде датчиктердің іске қосылуы 26 адамның өмірін сақтап қалуға көмектесті.

ТЖМ улы газбен улану қаупін азайту үшін өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертеді:

  • мұржаны уақтылы тазалаңыз және желдету жүйесінің жұмысын үнемі тексеріп отырыңыз;
  • пештер мен каминдерді қалау және жөндеуді тек мамандарға тапсырыңыз;
  • тек жарамды электр құралдарын пайдаланыңыз;
  • ережеге сәйкес пештер мен каминдерді пайдаланыңыз. 
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Төтенше жағдайлар министрлігі
Өзгелердің жаңалығы