ТЖК су басу қаупі бар 505 елді мекенді анықтады
Астана, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер көктемде су басуы мүмкін 505 елді мекенді анықтады. Бұл туралы ол ТЖК қабырғасында өткен брифингте мәлімдеді.
«ТЖК көктемгі су тасқыны кезінде су басудың жоғары қаупі бар 505 елді мекенді анықтады: Алматы (75), Шығыс Қазақстан (76), Ақмола (46), Ақтөбе (35), Қарағанды (33), Қызылорда (31), Қостанай (52), Павлодар (14) және Солтүстік Қазақстан (18) облыстары», - деп айтты ҚР ІІМ ТЖК төрағасы.
Оның айтуынша, су тасқынын және еріген сулардың әсерін төмендету мақсатында тұрғындар мен көлік инфрақұрылымына 2017 жылдан бастап тасқын қауіп-қатерлерді болдырмау және жою бойынша Жол картасы жүзеге асырылып жатыр. Екі жылдың ішінде 357 іс-шара атқарылған. 174 қорғау бөгеті салынып және нығайтылса, 119 гидротехникалық құрылыс, өткізу қабілетін арттыра отырып, 64 көпір жөнделген.
«Қардың көп бөлігі Қарағанды облысындағы Нұра өзенінің жоғарғы жағына түсті. Шығыс Қазақстан облысында жауын-шашын нормадан жоғары, бірақ бұл ақпандағы жағдай болған соң мүмкін өзгеріп қалар. Түркістан, Қызылорда облыстарында да тасқын жағдайлары күтілуде. Биыл қыс жайлы, Қызылорда аумағында мұз жоқ. Қызылорда қаласынан 148 шақырым жерде мұз жатыр. Оңтүстікте тасқын жағдайы қолайлы өтіп кетеді деп ойлаймын», - деді Владимир Беккер.
ТЖК төрағасы ШҚО-дағы жағдай туралы да айтты.
«Бұл өңірде су тасқыны болжанып отырған жоқ. Бірақ 11 наурызда Аягөз ауданында үш айлық норма көлемінде жаңбыр жауған болатын. Мұның неге әкеліп соққанын жақсы білесіздер. Дегенмен бұл – климат. Біз оған әсер ете алмаймыз, болжай да алмаймыз. Жағдай бақылауда. Су қоймаларында бос көлемдер бар. Осы мәселені шешуге мүмкіндік бар деп ойлаймын» - деді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер қазақстандықтарға алдағы екі күнде ауа райына байланысты автокөлікпен жолға шықпауға, сапарларын кейінге қалдыруға кеңес берді.
Назерке Абибулла